Иран саңырауқұлақтың өзінен алты айда 2 млн доллардан аса пайда көрген
|
Иранның ауыл шаруашылығының жылыжай басқармасының жетекшісі парсылардың күнтізбесі бойынша алғашқы алты айда саңырауқұлақ экспортынан 2,1 млн доллар табыс тапқанын жариялады. Бұл жайында islam.kz порталы irna.ir ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған елдің кеден басқармасының келтірген дерегіне қарағанда, 2023 жылдың наурыз айынан қыркүйек айы бойынша шетелге 42,1 млн долларға 1703 тонна саңырауқұлақ шығарылған. Ал өткен жылы (2022 ж.) 6,862 млн долларға 5646 тонна саңырауқұлақ экспортталған екен. Иран саңырауқұлағы Катар, Армения, Біріккен Араб Әмірлігі, Кувейт, Ирак, Пәкістан, Грузия және Бахрейнге экспортталады. Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының мәліметіне үңіле кеткенді жөн көріп отырмыз: 2021 ылы Иран шамамен 180 000 тонна саңырауқұлақ экспорттап, әлемде 7-ші орыннан көрінген. Бұл тізімде Қытай көш бастаған – жылына шамамен әлемдік саңырауқұлақ экспортының 46%-на ие. Дәлірегі, Қытай бұрынғыша көш бастап, 41 117 736 тонна саңырауқұлақ экспорттаған, ал екінші орынға Жапония жайғасқан. Қолда бар статистикаға сәйкес әлемде саңырауқұлақтардың 37 500-ден астам түрі анықталған, оның 2 000 түрі жеуге жарамды және бұл саңырауқұлақтардың тек 25 түрі экспортқа шығарылады.