Иран газ өндіруден 3-ші орыннан, мұнай өндіруден 8-ші орыннан көрінді
|
Энергетика институтының таяуда жарияланған есебінде келтірілген дерекке қарағанда, Иран өткен жылы әлемде газ өндіруден 3-ші орыннан, ал мұнай өндіруден 8-ші орыннан көрінген. Бұл жайында islam.kz порталы ilna.ir ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. «Әлемдік энергетиканың статистикалық шолуы» деп аталатын есепті 70 жыл бойы British Petroleum (штаб-пәтері Лондонда орналасқан трансұлттық мұнай-газ компаниясы) жариялап келген еді, алайда, өткен жылы мұндай мәліметті жарияламайтын болған соң, бұл міндетті Энергетика институты өз мойнына алған еді. Жаңа есепте Батыстың Иранға қарсы қатаң санкцияларына қарамастан Парсы елдің мұнай мен газ конденсатын өндіру мөлшері 2022 жылы тәулігіне 4,1 пайызға өсіп, 3,313 миллион баррелге жеткен. Есепке сәйкес шиғалар елі әлемдік өндірістегі үлесі 4,1 пайызды құрап, әлемдегі сегізінші ірі мұнай өндіруші ел болды. Мұнай өндіруде алғашқы үштік құрамындағы елдер: АҚШ үлесі - 14,6%, Ресей Федерациясы - 13,1% және Сауд Арабиясы - 12,9%. Баяндамада келтірілген көрсеткіштер де Иранның газ өндірісінің 2022 жылы 1,1 пайызға артып, 259 миллиард текше метрге жеткенін көрсетеді.