Иорданиялықтар бас көтеріп жатыр
Иорданиялықтар бас көтеріп жатыр
6 жыл бұрын 2703 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ел астанасы - Амман қаласында, міне, бірнеше күннің жүзі болды, бірнеше жүздеген адам шеруге шығып, бағаның көтерілуіне және мемлекеттік қарызды қысқарту бойынша Халықаралық валюта қорының кеңесіне негізделген жеке бас салығына қатысты заң жобасына наразылық білдіруде. Ереуіл тек ел астанасында ғана емес, сонымен қатар, өзге қалаларды да қамтып отыр. Наразылық білдірушілер министрлер кабинетін отставкіге жіберуді талап етуде. Айта кетейік, өткен аптада ел билігі жұмысшыларға 5%, ал компанияларға 20-40% салықты арттыру қарастырылған заң жобасын қабылдаған еді. 2016 жылы Иордания Халықаралық валюта қорынан үш жылға 723 млн доллар мөлшерінде несие алған болатын. Бұл қаржы елдегі экономикалық реформаларды қолдауға әрі Иорданияның жалпы ішкі өнімге шаққанда шамамен 94%-ды құрайтын қарызын 2021 жылға қарай 77%-ға дейін азайтуға бағытталған. Соңғы жылдары аталған елде баға тоқтаусыз өсумен болды. Халқының саны 9,5 млн адамға жететін шағын елде миллиондаған адамның тұрмысы нашарлап, жұмыссыздық белең алды. Өткен аптада үкімет отын мен электр энергиясының бағасын көтеретінін жария еткен еді. Шыдамы таусылған халық бірден көтерілді. Үкіметтің бұл шешімінің күшін жойды корол Абдалла екінші. Десе де жылдар бойы жоқшылық титықтатқан халық сабасына түсе қоймады. Амманнан бөлек, елдің солтүстігінде орын тепкен Ирбид және Жараш, шығысындағы Зарка және батысындағы Маан қалаларында толқу басылар емес. Олардың ойынша, аталған заң жобасы халықтың жағдайымен санаспай жазылған, салық туралы заң елдің экономикалық және әлеуметтік мүддесіне сай болуы тиіс. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Иордания аймақтағы, яғни, араб әлеміндегі ең тұрақты ел атанған мемлекет болатын. "Араб көктемі" шарпыған, мұнайы шалқыған көрші елдерден бір айырмашылығы - қазба байлығы жоқ. Соған қарамастан тұрақтылыққа қол жеткізген ел еді. Бұған қоса, Сириядан бас сауғалап келген босқындар да ел экономикасына зор салмақ салып отыр. 

0 пікір
Мұрағат