Христианның ең ежелгі тармағындағылар жаппай исламды қабылдап жатыр (видео)
|
Копт православ шіркеуі – христиандықтың ең ежелгі тармағы – қиын кезеңге тап болды. Копттардың ата-баба сенімінен бас тартып, жаппай исламды қабылдауы соңғы 40 жылда қалыпты жағдайға айналған. Бұл жайында islam.kz порталы араб бұқаралық ақпарат құралдары арасында шоқтығы биік, әлемге әйгілі әл-Жазира телеарнасына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кезінде коптар шіркеуін реформалау туралы бастама көтерген архиепископ Максимус Юханна аталған араб телеарнасына берген сұхбатында жаңғыруды жақтайтынын айтып қалған болатын. Бұған коптардың исламға жаппай өтуі түрткі болған. Бұл тақырып өзекті сипат алғаны соншалық митрополит Бухейра Бахумиус жетекшілік ететін арнайы шіркеу комиссиясының мәжілісінде де көтерілген болатын. Коптардың дені исламды қабылдаса, ат төбеліндей аз бөлігі евангелиялық (інжілдік) тармаққа өткен еді. Коптар шіркеуінің бетке ұстар белді тұлғалары қатысқан мәжіліс барысында күн сайын 80-200 православтық коптар исламды қабылдап жатқаны айтылған. Жыл сайын Мысырда орташа есеппен алғанда 50 мың копт исламға өтеді. Осылайша соңғы 36 жылда коптық мысырлықтардың төрттен бірі исламды қабылдаған екен.