Грузияда су тасқынына байланысты 15 маусым "қаралы күн" болып жарияланды (Фото)
Грузияда су тасқынына байланысты 15 маусым "қаралы күн" болып жарияланды (Фото)
10 жыл бұрын 5986 tengrinews.kz

"Өкінішке қарай, қаза болғандар бар. Үкімет атынан олардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамын. Біз үшін бұл үлкен қасірет. Біз Қаралы күн жариялағымыз келеді. 13-14 маусымдағы Тбилисидегі қайғылы оқиғадан қаза тапқандарды еске алу күні ретінде 15 маусымда Қаралы күн деп жариялау үшін үкіметтің қаулысы бар", - деп мәлімдеді Гарибашвили.

Тбилисиде жексенбіге қараған түні су тасқыны болды. Әсіресе Тбилисидегі Ваке-Сабуртало автожолы аймағындағы жағдай ауыр, онда кеше түнде Вере өзенінің аңғарында жеке үйлер су астында қалды. Қала мэрі Давид Нарманианың соңғы мәліметтеріне қарағанда, қаза болғандардың саны - 12. 

Грузия премьер-министрі Иракли Гарибашвилидің тапсырмасымен апат салдарын жою жөніндегі Төтенше штаб құрылды. Оған ІІМ, Тбилиси әкімдігі және қаланың аудан әкімдіктерінің өкілдері кірді. Штаб жұмысын Грузия үкіметінің жанындағы Дағдарыс және қауіпсіздік жөніндегі басқарма кеңесі реттейді. Су басу салдарын жоюға барлық қызметтер тартылған.

Айта кетейік, қаза болғандар мен жарақат алғандардың ішінде Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлімдеді.

 

Тбилисидегі су тасқыны: Хайуанаттар бағының 300-ден астам жануары өлді

Су тасқынынан Тбилисидегі хайуанаттар бағының 300-ден астам жануары өлді, - деп хабарлайды РИА Новости.

Агенттіктің мәліметінше, бақтан қашып кеткен жануарларды арнайы жасақ қызметкерлері өлтірген. "Хайуанаттар бағында 600-ге таяу мекендеуші болған, жартысынан көбі өлді. Қашып кеткен жыртқыштардың жартысы өлтірілді, жартысы арнайы қауіпсіз жерге тасымалданды. Қазіргі уақытта тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді мекеме әкімшілігінің өкілдері.

Осыған дейін хайуанаттар бағының директоры Зураб Гуриелидзе арнайы жасақ бақ территориясында аңдарды қажетсіз өлтірген болуы мүмкін екендігін мәлімдеген болатын. Оның бұл жағдайды зерттеу керек екендігін айтқаны хабарланды.

Сонымен қатар, Тбилисиде жауған жаңбырдан болған су тасқынынан келген шығынның көлемі 40 миллион лари, яғни 18 миллион доллар екендігі анықталды. "Шығын әлі де есептеліп жатыр, алайда, ресми мәліметтер бойынша, 40 миллион лариге жетеді. Бүгін біз 10 миллион лари болатын жұмысқа кірістік", - деді қаржы министрі Нодар Хадури.

0 пікір
Мұрағат