Газаны қалпына келтіру жұмыстары тоқтайтын болды
Газаны қалпына келтіру жұмыстары тоқтайтын болды
10 жыл бұрын 3270

Біріккен Ұлттар Ұйымының палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттік (UNRWA) қызметкерлері өткен жылдың жаз мезгілінде Израиль шабуылынан ойраны шыққан Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарының тоқтайтынын хабарлады. Бұған демеушілердің осы мақсатта қаржы аудармауы себеп болған. «Өткен жылдың қазан айында Каир қаласында өткен жиында демеушілер сектор тұрғындарына 5,4 млрд доллар мөлшерінде көмек көрсетуге уәде берген болатын. Алайда, белгісіз себептермен бұл қаржы түскен жоқ»,- деді аталмыш агенттік өкілдері. Газа секторындағы UNRWA өкілі Роберт Тернердің айтуынша, адамдар үйінділер үстінде ұйықтап жүр. Тіпті, балалар арасында суықтан жаурап өлгендердің барын да жайып салды.Сондай-ақ, ол шотта қалған азын-аулақ қаражаттың толық қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіру мақсатында жұмсалатынын жеткізді. БҰҰ дерегі бойынша «Мызғымайтын жартас» деп аталатын Израиль басқыншылығының әскери операциясы кезінде 96 000 ғимаратқа зақым келтірілген, 66 000 адам баспанасыз қалған. Олардың жәрдемақысына 77 млн доллар бөлінген болатын. 12 000 адам БҰҰ-ның арнайы орталықтарында тұрып жатыр.  

0 пікір
Мұрағат