Ғалымдар адамзат санының есебінен қате тапты
|

Aalto University жоғарғы оқу орнының зерттеу нәтижесінде үкіметтер мен халықаралық ұйымдар пайдаланатын жаһандық деректер базасы әлемдегі ауыл халқының санын 53-84%-ға жете бағаламайтыны анықталды. Бұл жайында islam.kz порталы hightech.fm ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Фин зерттеушілері әлем халқы туралы ғаламдық деректер жиынынан елеулі қате тапты. Әлемдiк ауыл халқының статистикалық мәліметін жете бағаламау өз кезегінде ресурстарды бөлу және инфрақұрылымды жоспарлау саласындағы елеулi қателiктерге әкеп соғуы мүмкiн. Ғалымдар алғаш рет ресми статистикадан әлемдегі ауыл халқының едәуір бөлігі іс жүзінде «жоқ» екендігін дәлелдейтін айғақтар келтірді. Халық санының ең танымал бес деректер жиынтығының дәлдігін тексеру үшін зерттеушілер стандартты емес тәсілді қолданды: олар 1975-2010 жылдар аралығында әлемнің 35 елінде 300 бөгет салу барысында ауыл халқының қоныс аударуы туралы деректерді зерттеді. «Ауылдық жерлерде тұратын адамдардың нақты саны жаһандық деректерден әлдеқайда жоғары екенін байқағанымызға таң қалдық», - деп атап өтті Аалто университетінің зерттеуге атсалысқан ғалымы Жозиас Лэнг-Риттер. Оның айтуынша, бұл деректер жиынтығы мыңдаған зерттеулер мен саяси шешімдерде қолданылады, алайда, олардың дәлдігі бұрын жүйелі түрде бағаланбаған. Халық санын есептеудегі теріс біржақтылық күллі әлемде жүйелі сипат алған, әсіресе, Қытай, Бразилия, Австралия, Полша және Колумбияда деректер арасындағы алшақтық ерекше көзге түскен. Әлем халқының шамамен 43%-ы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, жүздеген миллион адам санаққа кірмей қалған. Бұл тараптағы зерттеу авторлары халық саны туралы деректерді жинау әдістемесін қайта қарауға және ауыл тұрғындарын неғұрлым мұқият есепке алуға шақырады.