Франция имам қызметін мамандық ретінде ресми таныды
|

Франция билігі таяуда имамдықты кәсіби қызмет ретінде танитын шешім қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы islam.plus ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, француз үкіметі, яғни, Францияның еңбекпен қамту жөніндегі агенттігі имамдықты ресми мамандықтар тізіміне енгізді. Франция ішкі істер министрлігі бұл қадамның маңыздылығын атап өтті. Мемлекет діни ұйымдар жұмысына араласпайды, дегенмен, діни ахуалды реттеуге әрі діни бірлестіктер қызметіне қолдау көрсете алады. Францияның ресми танылған мамандықтар тізіліміне енудің қандай артықшылықтары бар? Имамдық қызмет ресми лауазым иесі ретінде танылғандықтан еңбек шарттарын бекітуге мүмкіндік береді. Бұл шара имамдық қызметтің де заңмен қорғалатынын білдіреді. Ел аумағындағы емханалар мен қарулы күштер құрамында қызмет ететін имамдар қоғамдық қызмет көрсету жүйесінің бір бөлігі ретінде ресми танылады. Ал бұл жайт имамдардың да мемлекеттік құрылымдарға тартылуына ықпал етеді.




