Фастфуд жарнамасына шектеу қойылады
Фастфуд жарнамасына шектеу қойылады
4 жыл бұрын 2512 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ұлыбритания билігі жұқпалы індет пандемиясынан бөлек дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан эпидемиологиялық ауру ретінде танылған індеттерді де ұмыт қалдырмай, назарда жіті ұстап отыр. Дәлірегі, елдег семіздік індетімен күресті күшейтетін шаралардың қатарын артырып келеді. Солардың бірі – фастфуд жарнамасына кешкі сағат тоғызға дейін шектеу енгізбек. Бұдан бөлек, «біреуін сатып ал да екіншісін тегін ал» деп аталатын сауда орындарында кеңінен тараған маркетингтік акцияға тыйым салуды көздеп отыр. Осы мақсатта тиісті заңнамаға түзету енгізілмек. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру орындарын ас мәзіріндегі тағамның құрамындағы калория (құнарлылығы) мөлшерін көрсетуге міндеттейді. Ұлыбритания билігі мұндай қадамға тәжді тажал вирусының ең алдымен артық салмақтан зардап шегетіндерге жұғатыны анықталғаннан кейін барып отыр. Оның үстіне, семіздіктен қан-тамыр аурулары, сусамыр, т.б. аурулардан зардап шегетіндер қарасы жылдан жылға артып келеді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Ұлыбританияның қазіргі премьер-министрі Борис Джонсон сайлауалды науқанда жұртқа семіздікпен күресуді басты міндеттерінің біріне айналдыратынын айтып, уәде еткен еді. Саламатты өмір салтына бұқаралық сипат беру үшін, яғни, жалпы ұлттық бағдарламаға айналдыру үшін семіздікке ең алдымен себеп болатын тамақтану мәдениетін қалыптастыруды қолға алмақ.

0 пікір
Мұрағат