Есірткі әзірлегені үшін өлім жазасына кесілді
|
Мұсылман халқы санының көптігі жағынан алғашқы орында тұрған Индонезияда есірткі әзірлегені, есірткі болғанда да «экстази» деп аталатын оның ең өткір түрін әзірлегені үшін Франция азаматы Серж Атлауи өлім жазасына кесілді. Бұл жаза қайта қарауға жатпайды және түпкілікті үкім ретінде күшін жоймайды. Бұл жайында «Reuters» ақпарат ресурсы хабар таратты. Кеше, яғни, дүйсенбіде өзіне шығарылған осындай үкімге қарсы түсірген шағымын сот қараудан бас тартты. Осылайша, жазаны жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық заңдық процедуралар күшін жойды. Қылмыскер өзінің сыбайластарымен 2005 жылы Жакарта қаласының маңындағы экстази дайындау зертханасында тұтқындалған болатын. Бұл іс бойынша Серж Атлауиді қоспағанда жеті адам үстіміздегі жылдың мамыр айында жазаланған еді. Айта кетейік, Индонезия билігі батыс елдерінің сынына қарамастан есірткі бизнесімен айналысқандардың басынан сипай қоймайды. Ел президенті Джоко Видодо мұндай қатаң саясат жүргізуіне елдегі есірткіге байланысты қалыптасқан ауыр жағдайдың мәжбүрлеп отырғанын жеткізді. Бұл елде есірткіден күн сайын шамамен 50 адам бақилық болады екен.