Дубай әлем елдерінің зейнеткерлеріне арнайы виза енгізді
Дубай әлем елдерінің зейнеткерлеріне арнайы виза енгізді
4 жыл бұрын 2831 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Дубай билігі жасы 55-тен асқан қарттарға аталған қалада тұруына мүмкіндік беретін шараны қолға алды. Алайда, мұндай мүмкіндікке ауқатты егде жастағылар ғана қол жеткізе алады. Яғни, Дубайда тұрғысы келетін егде жастағылар бір жарым млн еуроға жылжымайтын мүлік сатып алуы тиіс әрі 230 мың еуродан басталатын жинағы болуы шарт, бұдан бөлек, кем дегенде 4600 еуро кіріс көзі болуы тиіс. Бұл жайында islam.kz порталы The Economist ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дубайдан бәрін табуға болады, тіпті, бейнелеп айтқанда, құстың сүтін де. Алайда, бұл қалада қарттар жоқтың қасы. Біріккен Араб Әмірлігінің экономикасына жұмыс істеп жатқандардың дені сырттан келген жалдамалылар, яғни, мигранттар. Еңбекке жарамды болу үшін жастардың жұмысқа жегілетіні белгілі. Зейнет жасына жеткен соң еліне қайтады. Ол ол ма, осы елге келетін туристер де жастар. Алайда, самайын қырау шалған қарттарды өте сирек кездестіресіз. Бастапқыда аталмыш виза Дубайдағы зейнет жасына жеткен шетелдіктерге арналған еді, енді күллі әлем қарттарына осындай мүмкіндік туып тұр. Оның үстіне, аталған араб елінде осы заманғы озық технологиямен жабдықталған емханалар көптеп ашылуда. Жасы ұлғайған сайын денсаулығы сыр беріп, жанына дауа, дертіне шипа іздеген қарттарға қолайлы әрі құтты мекен болғалы тұр. Бұдан бөлек, таяуда сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарық көрген «Дубайда биологиялық кәрілікпен күресетін емхана жұмысын бастайды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/dubaida-biologiyalyq-karilikpen-kuresetin-emhana-jumysyn-bastaidy-14552/#gsc.tab=0) материалымызда израилдік ғалымдардың бірегей технологиясы бойынша қартаю процесін тежейтін емхана жұмысын бастайтыны  туралы жазғанбыз. Бір өкініштісі, Дубайдағы игіліктің бәрі тек қалталы қарттарға ғана арналған. Тегін, иен жатқан ешнәрсе жоқ. Осы тұста аталған араб елінің билігі жеке тұлғалардан жеке бас табыс салығын алмайтынын айта кетпекпіз. Бұл да шетелдіктердің аталған елге ағылуына себеп болып отыр. Десе де бұл елдегі салық салу жүйесінің кейбір ерекшеліктерін ескеруге тура келеді: мәселен, Швецияда резидент еместерге арналған салық салудың өзгеше режимі жұмыс істейді.  Осынау скандинаваиялық елден ауысқандар бұл салықты төлеуді жалғастыра береді.

0 пікір
Мұрағат