Декоративті (сәндік) тасты өндіруде көш басынан көрінген ел
Декоративті (сәндік) тасты өндіруде көш басынан көрінген ел
5 жыл бұрын 3110 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иран өткен жылы, дәлірегі, 2018 жылдың наурыз айының 21-нен 2019 жылдың наурыз айының 20-на дейін 13 млн тоннаға тарта декоративті (сәндік) әрі фасадты тасты экспорттаған екен. Бұл жайында ирандық тас өндірушілер қауымдастығының (ISA) вице-президенті Мәлік Рақмет мәлім етті. Шиғалар елі осылайша әлемде декоративті әрі фасадты тас өндіретін алдыңғы қатарлы бес елдің құрамына енген. Оның айтуынша, декоративті әрі фасадты тас экспорттаудан Иран 350 млн долларға жуық табыс тапқан. Бұл туралы Fars News ақпарат көзі хабар таратты. Статистикалық мәліметке қарағанда, аталған ел аумағында декоративті әрі фасадты тас өндіретін екі мыңнан аса шахта болса, қазіргі уақытта 1200 шахтасы жұмыс істеп тұр. Жоғары лауазымды тұлға декоративті әрі фасадты тас өндіретін шахталардың өндірістік қуаты жылына 30 млн тонна тас өндіруге жететінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол бұл шахталар 380 мың адамға жұмыс тауып беріп отырғанын да жеткізді. Өткен жылдың наурыз айында Иранның тау-кен үйінің жетекшісі Мұхаммедреза Бахрам Иранның бұл саладағы жетістіктерін тізбелей келе әлем бойынша декоративті әрі фасадты тас өндіруде екінші орыннан көрінген ел екенін тілге тиек еткен болатын. Ал 2017 жылы Иранның тас өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры ел аумағында декортаивті әрі фасадты тастың қоры 3 млрд тоннаға жететінін жария еткен болатын. Сөз орайы келгенде айта кету керек, жылдан жылға құрылыста, көбінесе сәулет өнерінде жиі пайдаланылатын сәндік тасқа деген сұраныс артып келеді. 

0 пікір
Мұрағат