|
Дәулеті шалқыған байлар климат дағдарысынан «екі жеп биге шықты»
|
Дәулеті шалқыған байлардың стратегиялық ойлау дағдысы сарапшыларды қайран қалдырып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы oxfam.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Британдық Oxfam қайырымдылық ұйымының таяудағы баяндамасында келтірілген дерекке сәйкес ат төбеліндей ауқатты адамдар климат дағдарысының салдарынан қыруар табыс тауып жатыр. Аталған ұйымның мәліметінше, аса байлар «қосарланған дивидендтер» алады: алдымен ластаушы салаларға инвестиция құю есебінен, содан кейін «бейімделу экономикасына» қаржы салу және табиғи апаттардан кейін бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру қызметтері арқылы. Әлем халқының ең бай 0,1 пайызы - сегіз миллионға жуық адам - 3,5 миллиардты құрайтын ең кедей адамдарға қарағанда көмірқышқыл газын атмосфераға көп бөлген. Ұйымның мағлұматынша, дәулеті шалқыған байлардың бір пайызы өндіріс арқылы қоршаған ортаны көміртегімен ластау салдарын - су тасқыны, өрт, құрғақшылық және азық-түлік дағдарыстарын қоса алғанда, климаттық апаттардың артуына ықпал етіп отыр. Бұл ретте байлар адамдар мен инфрақұрылымды, қоршаған ортаны дүлей зілзалалардан қорғаумен, қалпына келтірумен және қайта жаңартумен байланысты салаларға белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Болжам бойынша бұл нарық 2029 жылға қарай жылына 70 миллиард доллардан 92 миллиард долларға дейін өседі. Өткен жылы, ұйымның мәліметінше, климаттық дағдарысты ушықтыратын және оған бейімделуден бір мезгілде пайда табатын 217 корпорация орташа есеппен 1,8 миллиард доллар пайда алып, акционерлерге бір миллиард доллар дивиденд төлеген.