COVID-19 пандемиясы қашан және қалай аяқталуы мүмкін? Ғалымдар Қазақстанда коронавирус пандемиясы қашан аяқталатынын болжады
COVID-19 пандемиясы қашан және қалай аяқталуы мүмкін? Ғалымдар Қазақстанда коронавирус пандемиясы қашан аяқталатынын болжады
5 жыл бұрын 3223 Рахила Тлеуова, Тұрар Қазанғапов

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия болып есептеледі. Бүгінде одан бөлек екі пандемия бар. 1981 жылдан бері ЖИТС пандемиясының салдарынан вирусты 60 миллионнан астам адам жұқтырды. Екінші пандемия - тырысқақтың жетінші пандемиясы. Яғни, бұлар - әлі тоқтамаған пандемиялар. 2019 жылдың аяғында шыққан COVID-19 пандемиясы да созыла ма, әлде тоқтай ма? Tengrinews.kz тілшісі мамандардың болжамына шолу жасап шықты.

Бұған дейінгі пандемиялар қанша уақытқа созылды

Ең алғашқы пандемия "Юстиниан обасы" 11-12 ғасырларда болып, 100 миллион адамның өмірін жалмады. 14 ғасырдың ортасында "қара өлім" деп аталған оба Қытайда басталып, Еуропаға жетеді де, 34 миллион адам қайтыс болады.

1346-1353 жылдары Еуропа халқының 30-60 пайызын жойып жіберген тарихтағы екінші оба пандемиясы. Болжам бойынша, індет Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан басталып, Еуропа мен Солтүстік Африкаға тараған. "Қара өлім" тіркесінің ауру белгілеріне қатысы жоқ. Алайда обаның бұл түрін жұқтырып, қайтыс болған адамдардың денесі қарайып кететін болған екен. 

Айта кететін жайт, жақында қытайлық коронавирустан емделген дәрігерлердің денесі қарайып кеткені туралы жаздық.

19 ғасырда Бенгалиядан бастап осы күнге дейін тырысқақтың (холераның) 7 пандемиясы тіркелді.

Тырысқақ пандемиясының алтыншысы тарап жатқанда, 20 ғасырдың басында, 1918-1919 жылдары испан тұмауының пандемиясы дүние жүзіне тарады. 550 миллион адам жұқтырды немесе сол кездегі Жер халқының 20 пайызы ауырды. Түрлі дерек бойынша 50-100 миллион адам қайтыс болды. 

Тағы ескеретін факт, испан тұмауы кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс болды және бұл тұмаудан, көбіне, 20-40 жастағы адамдар қайтыс болды. Ал, қазіргі COVID-19 көбіне егде жастағы адамдарға аса қауіпті болып тұр.

21 ғасырдың басында 2009-2010 жылдары "құс тұмауы" деген атаумен танымал H1N1 вирусының пандемиясы болды. Бұл вирус әдеттегідей Оңтүстік Азиядан емес, Оңтүстік Америка құрлығындағы Мексикадан басталып, әлемге тарады. 220 мың адам жұқтырып, 2 мыңға жуық адам қайтыс болды.

Қазір әлемде COVID-19 вирусының пандемиясынан бөлек екі пандемия бар. ЖИТС пандемиясы және тырысқақтың жетінші пандемиясы. Яғни, әлі тоқтамаған пандемиялар.

COVID-19 пандемиясы қашанға дейін созылуы мүмкін?

Тарихтағы пандемия деректеріне қарасақ, адам денсаулығымен байланысты пандемиялар 11-12 ғасырда, содан кейін 14 ғасырда тіркелген. Содан соң 19 тырысқақ пандемиясы, 20 ғасырдың басында испан тұмауы, 21 ғасырдың басында құс тұмауы тарады. Испан және құс тұмауы екі жыл қатарынан жаппай тараған. Ал, кей пандемия 7 жылға дейін созылса, тырысқақ пандемиясы бірнеше жыл қатарынан қайталанып, әлі күнге дейін доғармады.

Microsoft компаниясының құрған Билл Гейтс COVID-19 вирусы тарағаннан кейінгі алғашқы деректерді негізге ала отырып, жаңа вирустың кәдімгі тұмаудан әлдеқайда қауіпті екенін айтты. Кейін, 11 сәуірде ол CNBC-ге сұхбат берген кезде "жаздың басында коронавирус пандемиясы аяқталып, адамдар сол кезде бұрынғы өміріне оралады" деп болжады.

Bloomberg агенттігінде жарияланған материалда былай жазылған:

"Иммунитет пайда болғаннан кейін пандемия тоқтайды деген консенсустың екі нұсқасы бар. Біріншісі, иммунизация. Ғалымдар вакцина ойлап табу керек және денсаулық сақтау органдары оны көп адамға егу керек. Екіншісі, қоғамның көп бөлігі патогенді микроорганизмды жұқтырғаннан кейін пайда болады да, оған иммунитет тұрақты күресуді үйрене бастайды", - деп жазылған материалда.

Британиялық ғылыми журналист Эд Йонг The Atlantic басылымында жарияланған материалында "Адамзаттың келесі қауіпті вируспен күресуге тәжірибесі бар, бірақ COVID-19 вирусымен емес" деп жазды. Ол вирустан құтылудың үш нұсқасын атады.

"Біріншісі, барлық мемлекет 2003 жылы SARS вирусымен күрескендей, бір уақытта күреседі. Екінші нұсқасы, бұған дейін тұмау пандемиялары секілді "ізін қалдырып", адамның иммунитеті үйренеді. Үшіншісі, вакцина табылғанша вирус әлемнің кез келген жерінен шыға береді. Сондықтан ең дұрыс нұсқасы осы - вакцина табу. Оған дейін пандемия басылса да, тоқтамауы мүмкін", - деп жазды журналист.

"2030 жылы жаңа коронавирус SARS-CoV-3 шығады"

Сондай-ақ, Эд Йонг "осы коронавирустан кейін дүние жүзі денсаулық саласына назар аударады" деген пікір келтірген... Мұндай өзгерістер келесі аурулардың қорғауға мүмкіндік береді. Оның ойынша, 2030 жылы жаңа коронавирус SARS-CoV-3 ойламаған жерден шығады және адамзат оны бір айдың ішінде жеңеді.

Ресей респираторлық қоғамының төрағасы, Пригоров атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінде кафедра меңгерушісі Александр Чучалиннің айтуынша, Ресейде COVID-19 наурыз, сәуір, мамыр және маусымның ортасына дейін жалғасады. Содан соң пандемия бәсеңдейді. 

Ресейлік ғылыми журналист Николай Ворониннің айтуынша, қазір әлемдегі барлық вакциналық лабораториясы осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ ол тез табылатын вакцинаның кері жағын болжап қана қоймай, тіпті табылмауы да мүмкін дейді.

"Вакцинаны тез дайындау - өте қауіпті, жылдамдатудың қажеті жоқ. Дегенмен, ең тез болды дегеннің өзінде вакцина 2021 жылдың соңында шығуы мүмкін. Ал, вакцина мүлдем табылмайды деген болжам тағы бар. Себебі ЖИТС-тен вакцинаны 35 жылдан бері іздеп жатыр, бірақ таппады. Дәрілер табылды. ЖИТС жұқтырмау үшін таблеткалар бар. Күніне бір таблетка ішіп, ЖИТС жұқтырмауға болады. Бірақ вакцина әлі жоқ", - дейді журналист BBC журналисі.

 Сондай-ақ, журналист пандемияны тоқтатудың тағы бірнеше жолын атады.

"Жағдайды реттеудің бірнеше жолы бар. Біріншісі, карантин. Бұл енді әр елдегі жағдайға байланысты ұзаруы да мүмкін. Басында қатаң карантин, кейін жеңіл карантин режимі болады. Сөйтіп, қауіпті зонадағы егде жастағы адамдарға 4 айға дейін үйден шықпауға кеңес береді. Кейін қоғамдық көлік қосылады. Адамдар еркін жүре бастағанда қайтадан ауру жұқтырғандар көбейеді. Мұны аурудың жұқтыру графигіне қарап көруге болады. Сосын тағы карантин жарияланады. Мұның барлығы "ұжымдық иммунитет" қалыптасқанға дейін жалғаса беруі әбден мүмкін. Былай бір-бір жарым жылға дейін созылуы ықтимал. Мен мұны кей елдің кестесінен көрдім. 2021 жылдың қазанына және желтоқсанына дейін жалғасқан кестесін көрдім. Мұны жылдамдатудың арзан әрі тез жолы да бар. Екі тест - ПТР және антиденеге тест (экспресс-тест) жасау. Окскфорд университетінің профессоры "Британия тұрғындарының жартысы COVID-19 ауырып шықты, тек сезбеді, ауру симптомсыз өтті" дейді. Егер солай болған болса, онда барлық тұрғын тест тапсыру керек, содан соң "енді көшеде алаңсыз жүруіңізге болады" деп карантин режимін алып тастауға болады. Иммунитет бар деп есептеуге болады. Бірақ бұл - пандемия жойылынуының басқа тарихы болар еді", - деді журналист.

Көріп отырғанымыздай, COVID-19 пандемиясының тоқтауына қатысты түрлі болжам бар. Оның бірнеше жолы аталған: вакцина, карантин, жаппай тестілеу және иммунитет қалыптастыру. Қалай болғанда да қазір әр мемлекет өз ішінен оқшауланып күресіп жатыр.

Қытай коронавируспен күресу үшін бірден карантин жариялады. Дезинфекция жасады. Ең тиімді жолы осы деп көрсетті. Қытай билігі 8 сәуірде "коронавирустан өлім тіркелмеді, вирусты жеңдік" деп жариялады. Кеше, 26 ақпанда, Қытайда 3 адам коронавирусты жаңадан жұқтырған.

Италия туристер үшін жыл соңына дейін елді жауып тастады. Ал, Еуропаның кей елі карантиннің жеңілдетілген режиміне көшіп жатыр.

Ал, Қазақстанда бүгін Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін созды және "мамыр айындағы мерекелерді үйде атап өтуге тура келетінін" айтты. Алғаш болып карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында сәуірдің 20-сынан бастап бірқатар мекеме жұмысын жалғастырды.

Пандемия жуық арада аяқталмайды - ДДСҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус індетінің жуық арада аяқталмайтынын айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

Індет керісінше әлемнің кей аймақтарында күш алуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы осылай деп мәлімдеді. Мысалы, Африка, Шығыс Еуропа, Латын Америкасы және Азия елдерінде індеттің таралуы артқан. Және кей мемлекеттер вирусты жұқтыру дерегін төмендетіп көрсетуде дейді ұйым басшысы. Гебрейесус сондай-ақ әлем елдерінен шектеу шараларын ерте жеңілдетпеуге шақырды. Себебі дерт қайта таралуы мүмкін екендігін ескертеді.

Карантин режимін жеңілдету үшін барлық жағдай ескеріліп, жан-жақты талдау дұрыс жасалағанына сенімді болу керек. Егер індетке байланысты ахуал анық екшелмей, шектеу шаралары ерте алынатын болса, көп ұзамай карантинді қайта енгізуге тура келеді. Ал салдары тіпті ауыр болуы ықтимал, – дейді ДДСҰ төтенше жағдай жөніндегі атқарушы директоры Майкл Райан.

Ғалымдар Қазақстанда коронавирус пандемиясы қашан аяқталатынын болжады

Болжамдарды есептеу үшін математикалық SIR-моделі қолданылды.

Сингапурдың Технологиялар және дизайн университеті мен Массачусетс Технологиялар институтының ғалымдары бірігіп, бірнеше елдегі, соның ішінде Қазақстандағы COVID-19 пандемиясының аяқталу мерзімін болжады, деп хабарлайды Хабар24.

Болжамдарды есептеу үшін математикалық SIR-моделі қолданылды. Ол науқастардың санын, белгілі бір уақытта вирусты жұқтырған адамдарды, сондай-ақ адамдар арасындағы байланыстың қарқындылығын ескереді.

Есеп бойынша Қазақстанда коронавирус пандемиясы сәуірдің соңында шарықтау шегінен өтті. Науқастар саны 2 маусымда 97 пайызға, 14 маусымда 99 пайызға азаяды. Ал 28 шілдеде коронавирус инфекциясының таралуы тоқтауы мүмкін.

Сингапур ғалымдары пандемия әлем бойынша 2020 жылдың 1 желтоқсанына дейін 100 пайыз аяқталады деп болжап отыр. Дегенмен қандай болжам жасалса да сақтық шараларын ұстанып, індеттен абай болуға шақырады.

Зерттеушілердің пікірінше, жасалған барлық есептеулерді зерттеу ретінде қабылдау керек және олар дәл келмеуі де мүмкін.

0 пікір
Мұрағат