БҰҰ Палестина жерін азат ету туралы жобаны талқылауы мүмкін
|
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде 1967 жылдан бері Израиль жаулап алған Палестина жерін жөйттерден азат ету талабы қамтылған қарар жобасын талқылауы мүмкін. Бұл жайында «Интерфакс» ақпарат көзі хабар таратты. Алайда, палестиналықтар әзірлеген аталмыш құжат Қауіпсіздік кеңесіне мүше мемлекеттер келісімін бергенде ғана күн тәртібіне қойылатынын айта кету керек. Бұл құжаттың жобасында, сонымен қатар, 2016 жылға дейін шектеу қойылуы тиіс израилдік оккупацияны тоқтатудың уақытын белгілеу мәселесі де қарастырылған. Айтуын айтамыз-ау, бұл құжаттың қабылдана қоюы да екіталай. Өйткені, Қауіпсіздік кеңесіне мүше кез келген мемлекет бұл құжатқа вето қоюға құқылы. Әсіресе, жуырдағы Израиль басқыншылығын ашық қолдаған АҚШ-тың осы құқықты пайдаланып, құжат қабылданбай қалу ықтималдығы басым. Палестина әкімшілігі 1967 жылғы шекарадан бастап өз мемлекетін құрғысы келеді. Алайда, Израил билігі палестиналықтардың бұл талабына құлақ аспағанымен қоймай жылдан жылға ішке сұғына еніп келеді. Жаулап алынған Палестина жеріне заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп, келімсектерді орналастыруда. Иордан өзенінің батыс жағалауында 200-ге тарта жөйттер елді-мекені пайда болған. Бұл елді-мекендерде жарты миллионға жуық жөйт шалқып өмір сүріп жатыр. БҰҰ бұрын да Израил билігіне Палестина жерін босатып беруді бірнеше мәрте талап еткен болатын. БҰҰ-ның бірде-бір талабын орындамаған израилдіктер Қауіпсіздік кеңесте палестиналықтардың құжаты қабылданғанның күннің өзінде босатып бере қояды дегенге әлем жұртшылығы сене қояр ма екен.