БҰҰ 2024 ЖЫЛДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮЙЕ ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ
БҰҰ 2024 ЖЫЛДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮЙЕ ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ
11 ай бұрын 1097 24.kz Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев

Дүниежүзілік қауымдастық осылайша ойсылқара тұқымын көбейтуге әлем жұртының назарын аудартып отыр. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі хабарлады.

Жаһандық ұйым сонымен қатар мал шаруашылығына инвестиция құйып, түлік өсіруде инновациялық әдістер мен технологияларды пайдалануға үндейді. Себебі, өркешті үй жануары жүз шақты мемлекеттегі қолайсыз климатта өмір сүретін миллиондаған тұрғынның негізгі күнкөріс көзі болып саналады. Соның ішіне шөлейтті мекендеген қызылордалықтар да кіреді.   

Аралқұм ауылының тұрғыны Асыл Әлмағамбетова 20 жылдан бері інген сауып отбасын асырап отыр. Ежелден ел тұрмысына жарап келе жатқан төрт түліктің төресі түйе - қой-сиырдай емес, сирақты мал. Қорегін тауып жейді. Шаруа алпыс күн аштық пен отыз күн шөлге шыдайтын түйенің машақаты аз, берекеті мол екенін айтады. Оған 2020-21 жылғы қуаңшылықтан шығынсыз шыққанда көз жеткіздім, дейді. Қыста 5-6, жазғытұры 10-15 інген байлайтын түйекеш әйел жыл бойы облыс тұрғындарына литрі 500 теңгеден шұбат сатады.       

Асыл Әлмағамбетова, Аралқұм ауылының тұрғыны: - Міне иіп жатыр осы кезде. Сүттің пайдасы көп, шұбат ашытамын қымыран. Балаларыма көже істеп беремін. Құрт жасаймын түйенің құртын. Түйенің қаймағын жинап, май жасаймын. Бұның жүні де пайдалы, мамыр айында жүндейміз түйенің барлығын әкеліп. Оны иіріп, тоқыма, шұлық тоқимыз.

Қос өркешті жануардың қымыранынан бөлек шудасы мен түтілген жүнінен тігілген көрпе-төсегін аттай қалап алатындар көп. Жұбы 2-3 мың теңгеге саудаланатын жүн шұлық секілді тоқылған бұйымдарға да ірі қалалардан тапсырыс толастамайды. Жекелеген шағын кәсіпкерлердің түйе сүтінен жасаған сабын, кремдері тіпті әлемде жоғары сұранысқа ие. Бірақ, аймақта түлік сүті мен жүні терең өңделмейді. Себебі өндірістік инвестиция аз. Мемлекет тек түлік басын көбейтуге қолдау білдіреді. 

Талғат Дүйсебаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: - Асыл тұқымды түйені сатып алған кезде әр басына 100 мың тг субсидия төленеді. Одан бөлек өндірілген сүтті өңдеу кәсіпорнына өткізген кезде литріне 55 тг субсидиясы төленеді. Жалпы өткен мал шаруашылығын қолдауға мемлекеттен 4 млрд тг бөлінсе, биыл 4,7 млрд тг бөлініп отыр.

Аймақтық агросала өкілдері биыл інген сүтін терең өңдеп, құрғақ ұнтақ ретінде шығаратын зауыт құрылысы басталатынын айтады. Сол кезде дала кемесіне баланған алып жануарды бағумен айналысатын 90 шаруашылық сүт өткізу көлемін арттыра алады. Мамандар өндірістік желінің іске қосылуы маң-маң басып, шөл даланың жантақ-шеңгелін талғажу етіп жүрген 61 мыңдай түйе санының өсуіне сеп болады деп топшылайды.    

 

0 пікір
Мұрағат