Британ әскеріне 100 жыл бойы салынып келген ерекше тыйымның күші жойылады
|
Аталмыш тыйым бұрынырақта әскери теңіз бен әскери әуе күштерінде күшін жойған болатын. Табаны күректей бір ғасырға созылған аталмыш тыйым бұдан былай күшін жойып, британ әскерінің сарбаздары жып-жылмағай қырынып жүрмей-ақ сақал мен мұрт жіберуіне ресми рұқсат берілмек. Бұл жайында islam.kz порталы The Guardian ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша отан қорғау сапында жүрген шенді әскерилер мен сарбаздарға сыртқы келбетіне қатысты еркіндік берілмек. Десе де сақал мен мұрттың ұзындығы мен тазалығы қадағаланатын болады. Жаңа ереже талаптарына сәйкес сақал белгіленген ұзындықта - 2,5 пен 25,5 мм аралығында болуы және бет сүйектері мен мойын бөлігінде өсірілмеуі тиіс. Әскери-теңіз күштері мен әуе күштерінде бұл тыйымды 2019 жылы алып тастады. Дегенмен, армияда медициналық, діни немесе өндірістік себептермен ғана беттегі шаштың өсуіне рұқсат беретін қатаң саясат жүргізіліп келгенн еді. Британ әскеріне (көбінесе барлаушылар мен тыңшылар) тек Ауғанстанда ғана сақал жіберуге рұқсат берілген болатын – жергілікті халық жатырқап әрі күдіктенбесі үшін. Миссиядан оралған соң сақалды қыруға тура келетін.