«Бостандықты ақшаға сату» заңы қабылданды
«Бостандықты ақшаға сату» заңы қабылданды
1 жыл бұрын 1106 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Марокко парламенті оппозицияның наразылығы мен қарсылығына қарамастан түрменің тұтқындарға толуына байланысты қоғамда табаны күректей он ай бойы талас-тартысқа түрткі болған «түрме күндерін сатып алу» туралы заңды қабылдап жіберді. Бұл жайында islam.kz порталы golosislama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған араб елінің әділет министрі Әбділәтіп Уақби палатаның әділет және заң шығару комитетін түрме күндерін сатып алуға рұқсат беретін заңға енгізілген түзетуді қабылдаудың қажеттілігіне «көзін жеткізіп» көндірді. Бұл шара өз кезегінде мемлекет қазынасына түсетін салмақты әжептәуір азайтуға сеп болмақ. Яғни, түрмеде жазасын өтеп жатқандардың ас-ауқаты мен олардың күзеті және өзге де шығындарына кететін қаржыны үнемдеуге мүимкіндік береді. Жаңа түзетуге сәйкес бес жылдан аз мерзімге сотталғандар түрмеге қамалған әрбір күн үшін күнделікті 100 дирхамнан (10 доллар) 2000 дирхамға (200 доллар) дейін айыппұл төлеп, жаза мерзімін қысқарта алады, яғни, азаттығын сатып ала алады. Сот сотталушының материалдық мүмкіндіктерін, оның қаржылық міндеттерін, жасалған қылмыстың ауырлығын және келтірілген залалды ескереді. Аталмыш түзетуге сай «бас бостандығынан айыру күндерін сатып алу» процедурасы жәбірленуші немесе оның туыстары қылмыскерді кешіргенде, сондай-ақ, сотталған адам қылмысы арқылы келтірген зиянды өтеген кезде ғана тағайындалуы мүмкін. Аталған заң жобасында қарастырылғандай, баламалы жазаға мемлекеттік қызмет көрсету, электронды білезік арқылы электронды бақылау, белгілі бір құқықтарды шектеу жатады. Мұндай жаза бес жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстарға қолданылады. Марокконың түрмелерді басқару және реинтеграциялау жөніндегі бас делегациясының (DGAPR) хабарлауынша, жаңа заң 2022 жылы 75 түзеу мекемесінде тұтқындар санының рекордтық деңгейге жетуіне байланысты қабылданып отыр. 2022 жылы Марокко түрмелеріндегі жазасын өтеушілер қарасы 100 004 тұтқынға жеткенін айта кету керек. Марокконың түзеу мекемелері небәрі 64 600 тұтқынға шақталған. Тек Касабланкадағы 3800 орынға шақталған Айн Себа түрмесінде 10 877 тұтқын жазасын өтеп жатыр. Мұндай процедура жазасын өтеу күндерін ақшаға сатып алғандар екінші мәрте қылмыс жасап, тағы сотталса, мұндай мүмкіндік ондай тұлғаларға қайта берілмейді.

0 пікір
Мұрағат