Биыл бір ғана елден 3 мың бейбіт тұрғын қарулы қақтығыстың құрбаны болды
|
Ауғанстандағы әскери операциялар мен жорықтардан соңғы он ай ішінде 3 мыңға тарта бейбіт тұрын қаза тапқан. Бұдан бөлек, 5252 адам аталған мерзімде жарақат алған, кемтар болып қалған. Бұл жайында Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі миссиясының (UNAMA) жыл сайынғы есебінде айтылған. Десе де өткен жылғымен салыстырғанда аталмыш елдегі қарулы қақтығыстан зардап шеккендер қарасы 3%-ға кеміген, есесіне, қаза тапқандар саны 5%-ға артқан. Жалпы алғанда зардап шеккендер мен қаза тапқандар қарасы 8 мың адамнан асып кеткен. Аталған баяндамада келтірілген мәлімет бойынша ауған жеріндегі бейбіт тұрғындардың қаза табуына үш нәрсе себеп болып отыр: қолдан жасалған бомбадан, жанкештілердің ессіз әрекетінен (45% — 1050 адам), жер бетіндегі қарулы қақтығыстан (39% — 605 адам) және бейбіт тұрғындарды қасақана өлтіруден (8% — 439 адам) опат болған. Ал әуеден жасалған шабуылдан мерт болғандар қарасы - 8%, дер кезінде жарылмай қалған бомба мен минадан көз жұмғандар 4%.