«Біреу өлмей, біреуге күн жоқ»...
«Біреу өлмей, біреуге күн жоқ»...
4 жыл бұрын 5745 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. Алғашқы сөйлемнен кейін қойылуы тиіс сілтеме

Әлемде қытай мақтасына байкот жариялануына байланысты өзбектердің айы оңынан туатын болды. Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде өсірілген мақтаны әлем қауымдастығы тарапынан еңбекпен тәрбиелеу лагеріндегі тұтқындардың еңбегі пайдаланылып, құқығы тапталуына байланысты сатып алудан бас тартса, өзбек мақтасы әлемдік нарықты жаулап алмақ. Бұл жайында islam.kz порталы Гонконгте шығатын “The South China Morning Post” ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай – әлемде мақта өндіруден екінші орында тұрған ел. Шыңжандағы мақта өңдеу зауытында 600 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Өткен жылы Қытайда шамамен 5,9 млн тонна мақта өндірілген. Сарапшылардың айтуынша, кезінде мақта шаруашылығындағы мехнаты көп қара жұмысқа өз еркі өзінде ел азаматтарын мәжбүрлеп жеккені үшін әлем қауымдастығы тарапынан қатаң сынға ұшырап, өзбек мақтасына бойкот жарияланған болатын. "South China Morning Post" хабарына қарағанда, өзбек белсенділері ел билігінің бұл қадамын сынға алып, әлем қауымдастығына жанайқайын жеткізген болатын. 2007 ылы өзбек белсенділері әлем қауымдастығын бұл мәселеге назарын аудару үшін “Cotton Campaign” деп аталатын халықаралық науқан өткізген еді. Өзбекстанда дәрігерлер мен мұғалімдер, тіпті, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балаларға дейін мақта теріміне жұмылдырылады. Аталмыш науқаннан кейін көп ұзамай өзбек мақтасына санкция салынды, тарқатып әрі нақтырақ айтқанда, бұл саладағы 300-ден аса бренд пен бөлшек сауда желілері, соның ішінде әлемге әйгілі Zara және Adidas брендтері өзбек белсенділерінің бұл науқанына үн қатып, қолдау білдірді, өзбек мақтасына бойкот жариялады. Бұл шара өзбек билігін ой салып, өз нәтижесін берді, балалар мақта жинау науқанына тартылмайтын болды. Бұдан бөлек, өзбек билігі мақта өсіруге бағдарланған әрі мамандандырылған шаруашылықты жекешелендіру, қожалықтарға беру арқылы шешуге талпыныс жасады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық құқық қорғау ұйымдары қолда бар дәлелдерге сүйене отырып, келтірген мәлімет бойынша бір миллионнан аса ұйғыр мен Шыңжандағы өзге де қазақ, қырғыз секілді ұлттар қара жұмысқа мәбүрлі түрде жегіліп отыр. Терроризммен, сепаратизммен, экстремизиммен күресті желеу етіп, қытайландыру, өз салт-дәстүрі мен дінінен жеріндіру мақсатында еңбекпен түзеу лагеріндегі тұтқындардың еңбегін қанау арқылы сүйкімі кеткен Қытай билігі бұл айыптауларды жоққа шығарумен келеді. Оған қарамастан АҚШ, Канада және Ұлыбритания бастаған әлемдік державалар Шыңжанда өндірілген мақта мен томат өнімдерін елге әкелуге тыйым салды. Десе де кей брендтер, соның ішінде әлемге танымал H&M бренді Шыңжандағы мақтадан бас тартпайтынын мәлімдеп үлгерді. Алайда, өткен жылдың қыркүйек айында Better Cotton Initiative салалық сертификаттау агенттігі Шыңжандағы мақтадан бас тартатынын жария қылды. Одан бөлек Nike, Ralph Lauren, Gap және American Eagle Outfitters брендтері де Шыңжан мақтасынан және өзге өнімдерінен бас тартып жатыр. Ол ол ма, Шыңжан өлкесінде жұмыс істеп жатқан америкалық және еуропалық ондаған трансұлттық компаниялар мен салалық қауымдастықтар бұл өңірден кетуге бел байлап отыр. Қытай әлемде мақта өндірісі бойынша екінші орыннан көрінгенімен сырттан мақта импорттайтын ел: өткен жылы аталған ел 2,16 млн тонна мақта импорттаған екен, оның 45 пайызын АҚШ-тан тасымалдаған. Бұдан бөлек, Ecotextile News өнеркәсіп бағытында хабар тарататын ақпарат көзі Қытайдың Орта Азия елдерінен, дәлірегі, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан мақта иммпорттауды қарастырып жатыр. "The South China Morning Post" ақпарат көзіне сұхбат берген Anti-Slavery International ұйымының бұрынғы директоры Айдан Маккуэйдтің айтуынша, өзбек пен қытай мақтасындағы мәжбүрлі еңбектің айырмашылығы бар – Өзбекстанда тұтас ел тартылса, Қытайда, халықтың белгілі бір тобы тартылған. Өзбекстанда, тіпті, балалар еңбегі де пайдаланылатынын алға тартып отыр. Бұл халықаралық қауымдастық алдында геноцидтің бір түрі ретінде қарастырылады – мемлекет демеушілік көрсететін құлдықтың түрі. Ал Халықаралық еңбек ұйымының техникалық кеңесшісі Йонас Аструптың мағлұматына сенсек, 2013 жылы Өзбекстандағы мақта теріміне 2 млн-дай бала тартылған. 2013 жылы 3,5 млн өзбек тұрғыны, яғни, халықтың сегізден бір бөлігі мақта теріміне жұмылдырылған. Алайда, халықаралық ұйымдар мен әлем қауымдастығының табанды талабымен әрі қысымымен өзбек билігі кері шегініп, мақта шаруашылығына адамдарды мәжбүрлеп жегуді қойып келеді. «Cotton Campaign» халықаралық коалициясы өзбек билігінің бұл тараптағы ілгерлеушілігін жоғары бағалап отыр.

0 пікір
Мұрағат