Бір сурет бір отбасының бағын ашты
|
Джойс Торрефранка есімді филиппиндік студент Фейсбук желісіне көшеде кездескен кішкентай баланың суретін жүктеген екен. Бір-ақ сурет балақайдың өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді.
Бұл сурет 23 маусым күні Филиппиннің Мандауэ қаласында түсірілген. Балақай кешкі уақытта мейрамхана терезесінен түскен жарықпен құрастырылған үстел үстінде сабақ орындап отырады. Бей-жай өтіп бара жатқан Джойс сол сәтті суретке түсіріп алып, "Бұл бала мені шабыттандырды" деген мәтінмен фейсбуктегі парақшасына жүктейді.
Бірнеше күннен кейін бұл сурет ғаламторда көп көрілім жинап, тарай бастапты. Бұл жайтты жіберіп алғысы келмеген жергілікті баспасөз өкілдері балақайды іздеу шараларын ұйымдастырған. Балақай сурет түсірілген аймақтағы дүкеннен табылады. Өзін Даниэль Кабрер деп таныстырған балақайдың анасы сол дүкенде жұмыс істейді екен. Тоғыз жастағы Даниэльдің әкесі екі жыл бұрын қайтыс болған. Олар осыған дейін тұрып келген үйлері өртеніп кеткен, әрі көп балалы отбасы болып шыққан. Күніне екі доллар табатын анасы Кристина қолы қалт еткенде тазалықшы болып жасайды екен.
Даниэль қиындықтарға қарамай, анасына қолғабыс болып көмектесіп жүріп, сабағына да үлгереді екен. Оның арманы осы қиын шақты жеңіп, полиция қызметкері болу. Оның суретін әлеуметтік желілерден көрген адамдар бұл жағдайға бей-жай қарамай, көмек қолын созған. Бірі білім алуға шәкіртақы тағайындаса, бірі анасы Кристинаға іскерлік жұмыс бастауына грант берді. Ал жергілікті полиция қызметкерлері оларды тұрғын жаймен қамтасыз еткен. Сурет авторы Джойс бір ғана сурет мұндай істің бастамасы болады деп ойламады.
Бір-ақ сурет тұтас жанұяға қуаныш сыйлады. Әлемге мейірімділікпен қарап, бейтаныс адамға себепсіз қуаныш сыйлаудың өзі − бір бақыт.