Бір жылда бір ғана мемлекеттен араб еліне 800 миллионер қоныс аударған
|
Өткен 2024 жылы Біріккен Араб Әмірлігіне өзге елдерді ескермегенде Ұлыбританияның өзінен кем дегенде 800 миллионер қоныс аударған. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Henley & Partners инвестиция сарапшыларының келтірген дерегіне жөн сілтеген The National мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша, БАӘ Ұлыбританиядағы салық заңнамасының өзгеруіне байланысты тұрғылықты жерін өзгерткісі келетін аса ауқатты британдықтардың қоныс аударуы бойынша екінші орынға айналды. Ұлыбританиядан Еуроодақ елдеріне тағы 6500 миллионер көшіп келді. Осы орайда Мысырдың дәулеті шалқыған ең бай тұрғыны және Aston Villa футбол клубының иесі Нәсіп Сәуеріс те өзінің отбасылық кеңсесін Әбу-Дабиге ауыстырғанын жариялады. Ұлыбританияда таяуда қабылданған салық реформасына сәйкес резидент еместердің шетелдегі активтеріне енді мұрагерлік салығы салынады. Бұған дейін резидент еместер өздерінің оффшорлық табыстары мен пайдасын қорғау үшін HM Imenue & Customs-ке 30 000 жыл сайынғы алым төлеп келген еді. Өткен жылы Ұлыбританиядан 10800 миллионер кеткен екен, бұл көрсеткіш 2023 жылғымен салыстырғанда 157%-ға көп. Oxford Economics экономикалық консалтингтік фирма жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, аталған еуропалық елдегі респонденттердің үштен екісі Ұлыбританиядан көшуге бел байлап отыр. Қазiргi уақытта Ұлыбританияда қайтыс болған резиденттiң жылжымайтын мүлкiнiң бiр бөлiгiне мұрагерлiк салығы салынады, алайда, оның шетелдiк активтерiне, оның iшiнде мүлiкке, қолма-қол ақшаға және банк шоттарына салық салынбайды. Дегенмен, сәуір айының 6-нан бастап бұл тараптағы ережелер өзгеретін болады.