|
Бір ғана еуропалық ел экономикасы семіздік індетінен жылына 27 млрд долларға дейін шығын көреді
|
Семіздік індеті Ұлыбритания экономикасына жыл сайын шамамен 20 миллиард фунт стерлингке түседі, бұл көрсеткіш қазіргі валюта айырбастау ағымдағы бағамы бойынша шамамен 26-27 миллиард долларға тең. Мұндай деректер Office for Health Economics тәуелсіз ұйымының зерттеу нәтижесінен белгілі болып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы GB News телеарнасына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақты мәліметке сәйкес қазіргі уақытта ересек британдықтардың үштен екісінің салмағы артық немесе семіз. Бұл ретте аталған ел статистикасы зерттеуде қамтылған Еуропаның сегіз ірі елінің ішінде бір адамға шаққанда неғұрлым жоғары. Егер аталған мәселеге байланысты тікелей медициналық шығындарды ескерсек, онда британ экономикасы шығынының жалпы сомасы шамамен 45 миллиард долларға жетеді, яғни, бұл жалпы ішкі өнімнің 1,4 пайызын құрайды және әрбір тұрғынға 500 фунт шамасында айналады. Сарапшылар, мысалы, бұл қаражаттың Лондон мегаполисіндегі тұрғын үй секторына жұмсалатын мемлекеттік шығыстарына қарағанда едәуір көп (ЖІӨ-нің 0,9 пайызы) екенін алға тартып отыр.