Бейпіл ауыз бейбіт өмірдің тамырына балта шаппаса екен
|
Еуразиялық одақ – таза экономимкалық интеграция. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүрген жерінде осыны айтып жүреді. Мұның мәні мынада: Қазақстан басшысының бастамасымен құрылған осынау одақ ең алдымен еліміздің мүддесіне байланысты қолға алынған аса ірі жоба болып табылады. Күндердің күнінде мұнай да, өзге қазба байлықтар да таусылады. Алдын ала қамданбасақ тағы болмайды. Ол үшін индустриямызды дамытуымыз керек. Яғни, өнім шығаратын кәсіпорындар мен зауыттарды көптеп салу керек. Осы мақсатта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Кәсіпорындар мен зауыттар толыққанды жұмыс істеуі үшін өнімін өткізетін нарық қажет. Бар-жоғы 17 млн халқы бар елімізде мұның жүзеге асуы екіталай. Тіпті, мүмкін де емес. Аталмыш одақ осы себепті құрылды. Ал бұл интеграциядан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Жуырда президентіміз Н.Ә. Назарбаев еліміздің тәуелсіздігіне қандай да бір қатер төндіретін болса, бұл одақтан шығатынымызды қадап айтты. Және бір емес, бірнеше рет. Сарапшылар елбасының бұл мәлімдемесін саяси дабыл, Кремлге қаратып айтылған ескерту ретінде бағалап жатыр. Сарапшылар президентіміздің мұндай мәлімдеме жасауына Ресей Федерациясының мемлекеттік думасының депутаты Владимир Жириновскидің Қазақстанға қатысты анық арандатуға бастайтын мәлімдемесінің түрткі болғанын алға тартып отыр. В. Жириновскидің айтуынша, қазақ ұлыстары орыс патшасының аяғына жығылып, жоңғардың жойқын шабуылы мен басқыншылығынан құтқаруды сұраған-мыс. Оның сөзіне қарағанда, орыс әскері Қазақстанның солтүстік аймағын жоңғарлардан азат етуге көмектескен көрінеді. Осылай дей келе ол Украинаны біржақты қылғаннан кейін Қазақстанға қатаң талаптар қоюды ұсынды. Десе де, сарапшылар елбасымыздың бұл мәлімдемесінің Еуразиялық одақтан шығатынымызды білдірмейтінін, тек Украинадағы дағдарысқа қатысты Мәскеудің дегеніне көзсіз ермейтінін аңғартып, ескерту түрінде айтылғанын алға тартып отыр. Ресей саясаткерлері де В. Жириновскидің мәлімдемелері осы елдің сыртқы саясатына кесірін тигізетінін тілге тиек етуде.