Батыс елдерінің Таяу Шығысқа энергетикалық тәуелділігі артады
|
Батыс елдері Украинадағы әскери қақтығысқа байланысты ресейлік ресурстардан бас тартқандықтан Азия мен Таяу Шығыс аймағына энергетикалық тәуелділігі артуы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы Bloomberg іскерлік ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сарапшылар АҚШ пен Еуропада мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) қуаты мен саны азайып келе жатқанын алға тартып отыр, Азия мен Таяу Шығыста жанармай өндірісі, керісінше, күрт өседі. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері байқалып келеді. Дәлірегі, FGE мәліметі бойынша соңғы үш жылда Батыс елдері мұнай өнімдерінің өндірісін тәулігіне 2,4 млн баррелге қысқартқан, ал Азия және Таяу Шығыс елдері, керісінше, тәулігіне 2,5 млн баррелге арттырған. Осыған байланысты Батыс Азия мен Таяу Шығыстан жанармай импортын арттыруға мәжбүр болады. Ғасырдың ортасына қарай көміртектен ада өңірге айналу мақсатына қол жеткізу үшін батыс елдері мұнай өңдеу саласына инвестицияны қысқартты. Rystad Energy болжамы бойынша 2025 жылға қарай Еуропада тәулігіне небәрі 28 мың баррел, Солтүстік Америкада – тәулігіне 109,5 мың баррел мұнай өделеді, ал Азия мен Таяу Шығыста бұл көрсеткіш 5,3 млн баррелге, ал Африка құрлығында тәулігіне 2,2 млн баррелге артуы мүмкін.