Батыс әлемі Азия елдеріне исламофобияны жұқпалы дерт секілді таратып отыр – сарапшылар
|
АҚШ пен Еуропадағы исламофобиялық құбылыс батыс елдерінің шегінен асып, әлемнің басқа бөліктерінің, соның ішінде Азия аймағының тұрғындарына да «дерт болып жабысты», дейді сарапшылар. Бұл жайында islam.kz порталы Anadolu Agency ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. «Исламофобия жаһандық сипат алып кетті десек, әділ айтылған болар еді», - деп мәлімдеді халықаралық зерттеулер профессоры Джон Луис Эспозито. Ғалымның айтуынша, исламофобия алғашында 1979 жылғы Иран төңкерісінен кейін әлеуметтік құбылысқа айналды, кейін 2001 жылдың қыркүйек айының 11-і күнгі күллі әлемді дүр сілкіндірген АҚШ-қа лаңкестердің шабуылынан кейін жаһандық сипат ала бастады. Профессор бұл тұжырымына Мьянмадағы (бұрынғы Бирадағы) азшылықты құрайтын рохиниялық мұсылмандар мен Қытайдағы ұйғырлар мәселесін дәлел ретінде келтіреді. «Жаңа әлем тәртібіндегі жаһандық исламофобия» кітабының авторы Арсалан Ифтихардың айтуынша, Батыс елдерінен оңшыл нанымдар әлемге біртіндеп таралуда. «Үндістанның барлық жерінде мұсылмандарға шабуыл жасалуда. Карнатака штатында хиджабқа тыйым салынған, мұның бәрі Еуропадан тікелей көшірілген», деп айтылған бұл тараптағы зерттеуде.