Бәсекелестерінен асып түсу үшін екі әскери база ашады талқаны шыққан елден
Бәсекелестерінен асып түсу үшін екі әскери база ашады талқаны шыққан елден
7 жыл бұрын 4596 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркия қарулы күштерінің Сирия жеріндегі күрдтердің "Халықтың өзін-өзі қорғау күші" (YPG) деп аталатын террористік ұйымына қарсы әскери жорықты бастағанын білесіздер. Бұл турасында кезінде шетжағасын хабарлаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, шекаралас аймақта Түркияға қауіп төндірген аталған күрд содырларынан Ефрат өзенінің батысында орын тепкен Мәнжіп ауданын азат ету үшін "Зәйтүн бұтағы" әскери опреациясын бастаған болатын. Алайда, НАТО жағынан болсын, былай да Түркияның одақтасы саналатын АҚШ бастаған батыс елдері, соның ішінде Франция күрдтерге болысып жатыр. Ол ол ма, америкалықтар түріктердің әскери опреациясын желеу етіп, өзінің басты бақталасы Ресейден қалыспай Шам жерінде, дәлірегі, күрдтер шоғырланған ауданда екі бірдей әскери базасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жайында түріктердің Anadolu ақпарат агенттігі хабар таратты. Сөз орайы келгенде мынаны айта кету керек, тарихы тереңде жатқан Шам жері тоғыз жолдың торабындағы стратегиялық маңызды аймақ. Сирияның соғыстан жермен-жексен болған инфрақұрылымын, өндірісін  қалпына келтіреміз деген желеумен қытайлар да бұл елде өз ықпалын орнатуға қам жасап жатыр. Ал түріктердің жөні бөлек, ақтады деп ойламаңыздар, біріншіден, Түкриямен шекаралас аймақ болғандықтан түріктер өз іргесінде не болып жатқанына көз жұмып қарап отыра алмайды. Екіншіден, түріктердің мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірген күрдтер факторы Шам жеріндегі әскери іс-қимылдарға араласуына мәжбүрлейді. Сирияның басты проблемасы және артықшылығы тек стратегиялық аймақ болғанында емес, түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекені болғанында жатыр. Яғни, тоғыз жолдың торабында болуы түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекеніне айналуына себеп болған аймақ. Сирияның қазіргі жағдайға жетуіне, соғыстан титықтауына сепаратистік фактор да елеулі рөл ойнады. Жуырда ғана Ақ үй қожайыны Дональд Трамп америкалық сарбаздардың Сирия жерінен кететінін мәлімдеген болатын. Оның бұл мәлімдемесін әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары сүйінші сұрағандай іліп әкетіп еді. Іле-шала АҚШ билігінің күрдтерді желеу етіп, Шам жерінде екі әскери базасын ашатыны мәлім болды. Тікелей тақырыбымызға көшсек, америкалықтардың бір әскери базасы 2016–2017 жылдары орын алған "Ефрат қалқаны" атты операция кезінде сириялық оппозиция мен түрік әскерінің бақылауына өткен Жераблус ауданынан Мәнжіпті бөліп жатқан Сажу өзенінен сегіз шақырым қашық тұстан салынып жатыр. Ал екіншісі Дадат елді-мекенінің оңтүстігінде ашылады. 

0 пікір
Мұрағат