Балаларды саудалайтын сайт табылды
|
Барлық жастағы балаларды сату жөніндегі веб-сайттың пайда болғаны Мысыр қоғамын аяғынан тік тұрғызды. Интернет-дүкен сайтында: «Сатып алуға және асырап алуға мүдделі адамдар үшін барлық жастағы балалар бар сатылатын»,- деп ашық жазылған. Яғни, нәрестеден бастап, мектеп жасындағы терісінің, көзінің және шашының түсі әр түрлі ұл балалар мен қыз балалар сатылатыны айтылған. Рами әл-Жебали есімді ИТ-инженері бұл сайтты кездейсоқ көзі шалған. Дәлірегі, Facebook әлеуметтік желісінен жоғалған балалар туралы ақпарат іздеп отырып, тауып алған екен. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Рамидің жазылушысы әлеуметтік желіде ел орталығы – Каир қаласынан солтүстік-шығысқа қарай орын тепкен Шурук қаласында балалардың қарасы өте көп күмәнді пәтердің барын жазыпты. Бұл пәтерге ерлі-зайыптылар жиі бас сұғып тұратын көрінеді. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, бұл пәтерге қымбат автокөлік мінгендер келіп, өздерімен бала алып кетеді. Мысыр полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын пирамидалар елінде адам ағзасының қара саудасының тасы өрге домалап тұрғанын хабарлаған болатынбыз. Тұтас бір желілік маркетинге айналған донор саудасының да әшкере болғанын мәлім еткен едік.