Балалар еңбегін заңсыз пайдалануға қарсы күрес күні өтті
|
Кеше күллі әлемде балалар еңбегін заңсыз пайдалануға қарсы күрес күні өтті. Әлем бойынша миллиондаған бала жұмысқа жегілуге мәжбүр. Олардың мектепке барып, білім алуына, бала болып ойнауына уақыты да, жағдайы да жоқ. ЮНИСЕФ пен халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, 5 жастан 17 жасқа дейінгі 168 млн бала еңбек етіп жүр. Олардың 120 млн-ы 14 жасқа дейінгілер. Яғни, жұмысқа жегілген буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың саны көп. Осы жас тобындағылардың дені - қыз балалар. Балалар еңбегін заңсыз пайдалану әрқалай болады: ауыр дене еңбегі (өз үйінде және құлдықта). Мәселен. Сарбаз ретінде пайдалану, есірткі бизнесіне мәжбүрлеу. Бала еңбегі экономиканың түрлі саласында пайдаланып келеді: ауыл шаруашылығы, қазбалы байлықты өндіру, яғни, өнеркәсіп, тұрмыстық, т.б. Жұмысқа жегілген шамамен 78 миллион бала Азия-Тынық мұхиты аймағында, 13 млн-ы Латын Америка құрлығында және Кариб бассейні елдерінде.