Ауыр күнәға апаратын процедураға рұқсат берілді
|
Канаданың жоғарғы соты өткен жұмада ауыр күнәға апаратын процедураға ресми түрде рұқсат берді. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлерге өз өмірімен қоштасқысы келетіндерге көмектесуіне рұқсат беріп отыр. Яғни, сырқаты жанына батып немесе өмірден торығып, т.б. себептермен өз еркімен жанын қиғысы келетіндерге эвтаназия жасауына рұқсат етті. Осылайша 1993 жылы енгізілген эвтаназияға қатысты тыйымның күшін жойды. Өмірімен қоштасқысы келетіндер сот шешіміне сәйкес міндетті түрде мұндай қадамға өз еркімен барып отырғандығы турасында қолхат қалдырып кетуі керек. Эвтаназия тек кәмелет жасына толғандарға және сырқаты жанына батып, жазылудан күдерін үзгендерге, яғни, емі жоқ науқасқа шалдыққандарға ғана рұқсат етіледі. Психикалық ауытқуға ұшырағандарға эвтаназия жасауға тыйым салынған. Естеріңізге сала кетейік, эвтаназия жасатуға Еуропаның бірқатар елдерінде, соның ішінде, Нидерландыда, Бельгиядада және АҚШ-тың кей штаттарында рұқсат етілген. Өткен жылы Бельгияда эвтаназия заңдастырылған да болатын.