Ауғанстанның жаңа каналы Орталық Азияны су тапшылығына ұшыратуы мүмкін бе
Ауғанстанның жаңа каналы Орталық Азияны су тапшылығына ұшыратуы мүмкін бе
8 ай бұрын 1552 kazinform.kz Фото: ariananews.af

Ондаған жылға созылып келе жатқан су ресурстарының сарқылу проблемасы бүгінде Орталық Азия елдері үшін анағұрлым өзекті болып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат көзі хабарлады. Ал Ауғанстанның солтүстігіндегі Әмудария өзенінде үлкен Кош-Тепа каналы қарқынды түрде салына бастады. Сарапшылардың көпшілігі бұл төменгі ағыстағы елдерде су тапшылығын күрт нашарлатады деп санайды. Ауған мегажобасынан Орталық Азияға қандай сын-қатер бар? Апатты салдарын болдырмау үшін мәселенің өзара тиімді шешімін табуға бола ма?

«Ғасыр құрылысының» тарихы

Әмудария – Орталық Азиядағы ең суы мол өзен. Ол Памир мұздықтарынан бастау алады және Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан және Өзбекстан аумақтарынан өтіп, Арал теңізіне құяды. Әмударияның негізгі ағыны Тәжікстан аумағында (80%) және ішінара Ауғанстанның солтүстігінде қалыптасады.

Ауғанстанның солтүстігіндегі шөлді аймақтарды Әмудария суымен суару идеясы 50 жылдан астам уақыт бұрын, республиканың тұңғыш президенті Мұхаммед Дәуіттің тұсында пайда болды. Бұл жоспарларға 1979 жылғы революция мен одан кейінгі азаматтық соғыс кедергі болды. 2018 жылы елдің соңғы президенті Ашраф Ғани кезінде USAID қатысуымен жобаны қарау қайта басталды.

2022 жылдың наурыз айында Ауғанстанда құны 6 684 млн доллар болатын Кош-Тепа каналының құрылысы басталды, оны 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Каналдың ұзындығы – 285 шақырым, ені – 100 метр, тереңдігі – 8,5 метр. Талибан әкімшілігінің мәліметінше, бұл арна сырттан техникалық және қаржылық қолдаусыз екі кезеңде салынады.

ауған
Фото: kun.uz

2023 жылдың қазан айында каналдың бірінші учаскесінің құрылысы аяқталып, жобаның екінші кезеңі басталды. Ауған ақпарат құралдарының хабарлауынша, каналдың бірінші бөлігінің ұзындығы 108 шақырымға жетеді. Ол Әмудария өзенінен басталып, Балх провинциясының Давлатабад ауданына дейін жетеді. Оның құрылысы 1,5 жылға созылды. Екінші кезеңде Джаузжан және Фаряб провинциялары арқылы өтетін ұзындығы 177 шақырым канал учаскесін салу жоспарланып отыр.

Ауған үкіметі елдің солтүстігінде 500 мың гектардан астам жерді суаруға арналған өршіл жобаға зор үміт артып отыр. Бұл елдегі апатты азық-түлік жағдайын жеңілдетуі керек.

Жаңа канал Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді?

Орталық Азия – әлемдегі су қауіпсіздігі энергетикамен, азық-түлікпен және қоршаған ортамен тығыз байланысты аздаған аймақтардың бірі. Су – Орталық Азия мемлекеттерінің әріқарай әлеуметтік-экономикалық дамуының басты факторларының бірі, мұнда суды тұтыну әр онжылдық сайын екі есеге артып келеді.

Өзбек сарапшысы, Өзбекстан Ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров агенттік тілшісіне берген сұхбатында Орталық Азия өңірінің басым бөлігі құрғақ аймаққа жататынын атап өтті. Сондықтан Кош-Тепа каналының іске қосылуы Орталық Азия аймағының көптеген аудандарында су тапшылығын күрт күшейтеді.

Кош-Тепа Әмудариядан жылына 10 текше шақырым су алу есебінен салынып жатыр, бұл өзеннің орташа көпжылдық ағыны – 70 текше шақырым, яғни бұл төмен ағыстағы елдерге қатты сезіледі. Оған қоса, соңғы жылдары Орталық Азияның барлық республикалары су тапшылығын көбірек сезініп отыр. Бұдан Өзбекстан мен Түрікменстан ең көп зардап шегеді, олар аймақтың негізгі өзенінен 15%-ға дейін суаруға арналған суды жоғалтады.

Әсіресе, соңғы онжылдықтарда жиі болатын су таяздығы кезеңдерінің салдары жойқын болады. Осымен төртінші көктем қатарынан Әмудария сағасы таязданып келеді. Өзбекстан гидрометеорологиялық қызметінің дерегі бойынша, 2023 жылдың мамыр айында өзен ағыны 2019-2022 жылдардағы ұқсас кезеңдердегі су көлемінің 60%-ын ғана құраған.

Равшан Назаров
Фото: Мәдибек Жәнібеков

«Бүгінде Әмудария КСРО мен Ауғанстан келісім жасаған кездегідей суы мол өзен емес. Сондықтан каналдың құрылысы бүкіл аймаққа, әсіресе Өзбекстанға (Бұхара және Хорезм облыстары, Қарақалпақстан Республикасы) және Түрікменстанға (Лебап және Дашогуз облыстары) өте үлкен проблемалар әкеледі. Биыл Әмударияның су ресурстары 10-15% азаяды деп болжанып отыр. Біздің аймақтың халықтары арасында «Жер су таусылған аумақта аяқталады» деген сөз бар. Біздің елдеріміздің едәуір бөлігі судың жетіспеуі мен шөлейттенуіне байланысты адамдардың қоныстануына қолайсыз», - дейді Равшан Назаров.

Канал салу технологиясы, дәлірек айтқанда, мұндай технологияның болмауы мамандардың зор алаңдаушылығын тудырып отыр. Үнемдеу мақсатында каналдың жағалауы мен арнасы бетондалмайды және тығыздалмайды. Борпылдақ және кей жерлерде құмды топырақ салдарынан судың көп бөлігі жоғалады. Нәтижесінде Ауғанстанның су алуы Әмударияның жалпы ағынының 30%-ын құрамақ. Кеңес заманында Түрікменстанда Қарақұм каналы салынды, соның салдарынан Арал теңізі тартылды.

«Судың көп бөлігі аймақтың құрғақ, құмды топырағына сіңіп кетеді. Оған қоса, арнаны қазу – оны салудың ең оңай бөлігі. Тәліптер ирригациялық жүйелерді салу бойынша күрделі инженерлік жұмыстарды басқара алмайды», - дейді қазір Германияда тұратын ауған инженері Наджибулла Садид.

Өз кезегінде сарапшылар Әмудария проблемалары өңірдің екінші су артериясы – Сырдарияға да сөзсіз әсер ететінін айтады.

«Бұл – іс жүзінде бүкіл аймақтың проблемасы. Егер Әмударияда су азайса, Сырдариядан су алу көлемі артады. Орталық Азия – біртұтас су бассейні, біз бір үйде, бір экожүйеде тұрамыз. Ал жергілікті жерлердегі олқылықтар тұтас аймақтағы проблемаларға әкеледі. Су тапшылығы байқалса, ол біздің басты проблемамыз болады! Осыған байланысты азық-түліктің азаюы, аштық, көші-қон, ауру секілді түрлі шиеленістер туындайды», - деп атап өтті экосаясат саласындағы қазақстандық сарапшы Болат Есекин.

Сарапшылардың көпшілігі Орталық Азияда артып келе жатқан су тапшылығы проблемасы алдағы 20-30 жылда қатер төндіреді деп есептейді, бұл жергілікті экономикалардың құлдырауына, миллиондаған жаңа мигранттардың пайда болуына және тіпті қарулы қақтығыстарға әкелуі мүмкін.

Құқықтық негіздің болмауы мәселені ушықтырады

Әрине, Ауғанстан Әмудария суларын пайдалануға құқылы, бірақ қазіргі уақытта бұл ел су ресурстары бойынша келісімдер мен шарттар жасаспаған, ал Кош-Тепа аймақтағы көршілер позициясын ескерместен салынып жатыр. Кабулдағы Кеңес Одағы мен Ауғанстан үкіметі арасындағы келісімнің (1946 жылғы – ред.) күші жойылған және тұтастай алғанда ел үшін Әмудария суының нақты көлемі көзделмеген.

ауған
Фото: Sreda.uz

Бүгінде Орталық Азиядағы су қатынастары 1992 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қол қойған Алматы келісімі арқылы реттеледі. Мемлекетаралық үйлестіру комиссиясы суды басқаруда шешуші рөл атқарады, ұзақ мерзімді сумен жабдықтау бағдарламасын әзірлейді және бекітеді. Аймақтағы суды пайдалану БҰҰ 1992 жылғы трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенциясымен де реттеледі.

Ауғанстан Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану туралы келісімдердің ешқайсысына қосылмаған, бірақ бұл тәліптердің Кош-Тепа құрылысын бастауына еш кедергі болмады.

«Өз алаңдаушылығын білдіргендер мұны келісім негізінде жасауы керек, бірақ Ауғанстанда ешкіммен су туралы келісім жоқ және бізде бұл салада ешқашан келісім немесе шарт болмаған», - деді Ауғанстанның энергетика және су ресурстары министрі міндетін атқарушы Абдул Латиф Мансұр.

Тәліптер танылмаған үкімет болғандықтан, оны Орталық Азия мемлекеттерінің су ресурстарын басқаруды үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық комиссияға қабылдау және келісім жасау мүмкін емес.

Ауғанстанның Әмударияны пайдалану құқығын ешкім жоққа шығара алмайды, бірақ оның жаһандық және аймақтық келісімдерге қатыспауы ешқандай құқықтарды қамтамасыз етпейді және суды пайдалану міндеттерін жүктемейді. Бұл аймақта шиеленіс тудыруы мүмкін.

ауған
Фото: Global Look Press/Kenneth Garrett

Не істеу керек?

Өңірдегі су мәселесін әрі қарай реттеу мақсатында Орталық Азия елдері Ауғанстанды диалог алаңдарына қосуы қажет және болашақта тиісті халықаралық және өңірлік шарттар мен ұйымдарға енгізу мүмкіндігін беру керек. Ауғанстан мен Орталық Азия елдерінің қатысуымен көпжақты кездесу өзара түсіністікке үлкен қадам болар еді. Ауғанстанның Өзбекстанмен және Түрікменстанмен екіжақты келісімдерге қол қою мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Осы бағыттағы алғашқы бастамалар 2023 жылғы қыркүйекте Душанбеде Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтылды.

«Біздің елдеріміздің ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, Кош-Тепа каналының құрылысына және оның Әмударияның су режиміне әсеріне байланысты барлық аспектілерді зерделеу үшін бірлескен жұмыс тобын құру қажет деп санаймыз. Ауғанстан өкілдерін су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі өңірлік диалогқа тарту мәселесін қарастыруды ұсынамыз», - деді сонда Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев.

Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының өңірлік ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Анатолий Сорокиннің пікірінше, бірінші кезеңде комиссия жұмысына Ауған ауыл шаруашылығы министрлігін байқаушы ретінде тартуға тырысу қажет.

«Ауғанстанды бастапқыда бақылаушы ретінде комиссия жұмысына тарту керек, сол арқылы оған Арал теңізі мен бассейннің болашағы үшін жауапкершіліктің бір бөлігін беру керек», – деп атап өтті сарапшы.

Тәліптер Кош-Тепа каналы төңірегіндегі дауды дипломатиялық әдістермен шешуге дайын екенін бірнеше рет атап өткенімен, әзірге көпжақты диалог белгілері байқалмады. Өзара диалог болмаған жағдайда, қазіргі ахуал тәліптерді одан әрі оқшаулап, аймақтық қауіпсіздік мәселесін ушықтыруы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат