Ауғанстанда тұрғындар "Құранды өртеген" әйелдің өзін өртеп жіберді
|
Ауғанстан астанасы Кабулдың орталығында бір топ адам Құранды өртеген 27 жастағы әйелді өлтіріп, денесін өртеп жіберді. Бұл жайында nur.kz сайты «Азаттық» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Кабул полициясының басшысы Фарид Афзалидің AFP агенттігіне хабарлауынша, өртенген мәйіт қалдығы өзенге тасталған. «Азаттықтың» Ауған қызметіне түскен бейнежазбада көпшілігі жас жігіттерден тұратын қалың тобыр әйелді ұрып-соғып, тепкілегені көрінеді. Жерден тұра берген әйелді бірнеше адам таспен ұрады. Жиналғандар әйелді есінен танып қалса да тепкілеуін тоқтатпайды. Топтағы кейбір адамның "Аллаһу әкбар" деп айқайлаған дауыстары естіледі. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі "қайғылы оқиғаға" байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Әйелдің не үшін мұндай қадамға барғаны айтылмаса да оның ақыл-есінде ауытқу болғанын туыстары жеткізген.