Ауғанстанда психикалық ауытқуға ұшыраған әйелдер көбейіп келеді
Ауғанстанда психикалық ауытқуға ұшыраған әйелдер көбейіп келеді
3 жыл бұрын 2039 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ауғанстан провинцияларында ел билігін қолына алған тәліптер радикалды қозғалысының (Қазақстан мен әлемнің көптеген елінде қызметі мен насихатына тыйым салынған – ред.) кемсітушілік саясаты мен қатаң ұстанымынан әйелдер арасында психикалық ауытқуға ұшырағандар қарасы күн санап көбейіп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде аталған елдің денсаулық сақтау саласының өкілдеріне жөн сілтеген TOLO News телеарнасына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәрігерлердің айтуынша, тәліптер орнатқан әлеуметтік оқшаулану, жұмыссыздық, т.б. әлеуметтік шектеулер психологиялық жәрдем бөліміндегі пациенттердің көбеюіне түрткі болған. Мәселен, Герат провинциясындағы психологиялық денсаулық бөлімінің меңгерушісі Уәхида Ноорзаданың  келтірген дерегі бойынша аталмыш провинциядағы мұндай пациенттердің 75 пайызы – әйелдер. Мектептер мен өзге білім беру ошақтарының жаппай жабылуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, экономикалық проблемалар әйелдерге ауыр соққы болып тиген. Герат аймақтық емханасының статистикалық мәліметі бойынша күн сайын 250-ден кем емес психикалық ауытқуға ұшыраған науқас келеді. Тәліптер елдегі әйелдерге сопртпен шұғылдануға, қоғамдық шараларға қатысуға, білім алуға, жұмыс істеуге, т.б. тыйым салған еді. Тәліптер әлем қауымдастығына әйелдер құқығына қайшы келмейтін әрекеттерге бармау жөнінде уәде бергеніне қарамастан. Десе де алдағы уақытта әйелдер тақырыбы әлі талқыланатын болады. Аталған елде әйелдер тек әйелдерді алмастыруға болмайтын жұмыстарды ғана атқара алады, мәселен, әйелдер әжетханасын тазалау секілді жұмыстар осы санатқа кіреді. Соңғы ақпаратқа қарағанда, Ауғанстандағы жалғыз спорт 3Sportм телеарнасы да жабылды. Бұған ең алдымен қаржы тапшылығы, екіншіден, тәліптердің бұқаралық ақпарат құралдарын 70 пайызға дейін қысқартқаны себеп болған. Дәлірегі, сөз бостандығына да шектеу қойылды. Осылайша Ауғанстан ортадоксалдардың кесірінен орта ғасырға қара құйын болып үйіріп әкеткен, қара түнек басқан елге айналды. Әлбетте, мұндай елде күйзеліске бой алдырғандар қарасының көбеюі заңдылық болып табылады. 

0 пікір
Мұрағат