Ата-анасы қайтыс болған соң 4 жылдан кейін өмірге келген сәби
|
Естімеген - елде көп деген осы-ау: Қытайда адамзат тарихында бірінші рет мұндай жағдай орын алды - ұл бала әке-шешесі бақилық болғанынан төрт жыл өткенде дүниеге келген. Мұндай да болады екен деп таңырқатып отырған жайттың ұзын-ырғасы мынадай: Әке-шешесі 2013 жылы автокөлік апатынан көз жұмған екен. Осыдан бергі төрт жыл атасы пен әжесінің балаға қамқор болу құқығы үшін күресуге кеткен. Яғни, мұздатылған ұрыққа мұрагер атану үшін атасы мен әжесі төрт жылын сарп еткен. Мұндай мүлдем тосын жағдай бірінші рет орын алып отырғандықтан сот шешім шығаруға асығыстық танытпайды. Атасы мен әжесінің ұрпағына ие болуы үшін осынша жыл күтуіне тура келген. Ақыры сот үкімі атасы мен әжесінің пайдасына шешіледі. Бірақ, іс мұнымен біте қоймайды. Өйткені, Қытайда суррагаттық ана ұғымына заңмен тыйым салынған. Бұдан бөлек, эмбрионды, яғни, ұрықты ауруханадан (Нанкиндік госпитал) алу үшін өзге емханадан оны қабылдап алу туралы рұқсаты болғанда беріледі. Бұл шытырманнан атасы мен әжесі қалай жол тапты? Олар өзге елден көмек іздеуге тура келген. Олар тиісті орындармен келісім-шартқа отырып, Лаосқа аттанады. Ұрықты өздерімен бірге алып. Тек машинамен ғана барған. Өйткені, ұшақта сұйықтықты алып жүруге тыйым салынады. Ал ұрық термос көлеміндей ыдыстағы азот сұйықтығында сақтаулы болатын. Лаоста олар құрсақ ана тапқанымен тағы бір қиындық күтіп тұр еді: бала Қытай азаматы атануы үшін сол ел аумағында дүниеге келуі керек. Яғни, жат жерде емес, Лаоста туса, Қытай азаматтығы берілмейді. Бұл проблеманы туристік фирманың көмегіне жүгініп, суррогат анаға виза аштырып шешеді. Балаға Қытай азаматтығын алу үшін мұнымен ғана шектеліп қалмай, өздерінің ұрпағы екенін дәлелдеу үшін ДНК анализін тапсыруға тура келеді. 2017 жылдың желтоқсан айында Тянь Тянь есімді бала дүниеге келеді. Осылайша ұрпағын сақтап қалған атасы мен әжесінің бұл әрекеті күллі әлемге енді белгілі болып отыр.