Арнайы комиссия Газадағы шабуылға ұшыраған нысандарды тексереді
Арнайы комиссия Газадағы шабуылға ұшыраған нысандарды тексереді
10 жыл бұрын 2794

Үстіміздегі жылдың жаз мезгілінде екі айға жуық уақытқа созылған Газа секторындағы израилдік әскери басқыншылық кезінде нысанаға алынған нысандардың қалай үйіндіге айналғанын және израилдік басқыншылардың қаншалықты шығын (адами және заттай) әкелгенін Біріккен Ұлттар Ұйымының тәуелсіз комиссиясы тексеретін болды. Бұл жайында ИТАР-ТАСС ақпарат көзі хабар таратты. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның пәрменімен құрылған комиссияға голландық Патрик Каммэрт жетекшілік етеді. Оның құрамына Аргентина, Үндістан, АҚШ және Канада өкілдері кіреді. Аталмыш комиссия талай адамның опат болуына апарып соқтырған шабуылға ұшыраған нысандарда қанша адамның қаза тапқанын және материалдық қаншалықты зардап шеккенін анықтайды әрі бағалайды. Сондай-ақ, сарапшылар нысандардың қандай қарудың оғынан үйіндіге айналғанын және қолданылған қарудың қаншалықты қауіпті екенін де анықтайтын болады. Естеріңізде болса, израилдік басқыншылар тарапынан жүзеге асырылған «Мызғымайтын жартас» деп аталалтын әскери операция барысында 2 мыңнан аса адам қаза тауып, 10 мыңнан аса адам жарақат алған болатын. Олардың дені, бейбіт тұрғындар, балалар мен әйелдер және қарттар болатын. Бұған қоса, 100 мыңнан аса палестиналық баспанасынан айырылды. Анклавта барлық әлеуметтік нысандар, соның ішінде, мектептер, ауруханалар, т.б. түгел үйіндіге айналды десе де болады. Мәселен, Газаның шығысындағы Шеджайя ауданы тұтастай жермен-жексен болды.

0 пікір
Мұрағат