Араб түбегінде құрма құруы мүмкін... (фото+видео)
|
Бүгінде ауыл шаруашылығына арналған, соның ішінде тұқым себуден бастап, жиын-терінге дейін пайдалануға болатын әмбебап техникалар дәуірі туған. Соған қарамастан саудиялықтар құрманы қолмен жинауды құп көреді. Бұл жайында islam.kz порталы islamosfera.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ата-баба кәсібінен нәсібін теріп жүргендердің бірі Мұхаммед Хасан Абдолланың палма ағашына өмірінде қанша рет өрмелеп-түскенін, тіпті, өзі де білмейді. Әйтеуір, есепсіз. Есебін білген күннің өзінде есебінен жаңылатындай уақыт өткен. Өйткені, ол бала шағынан бері палмаға өрмелеуді дағдыға айналдырған. Саудияда құрма тек шөлді оазиске айналдырып өсіп тұрған ағаш қана емес, сонымен қатар, тек кіріс көзі де ғана емес, құрма – саудиялықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған киелі жеміс. Сондықтан шығар, аталған араб елінің елтаңбасы мен ақшасында құрма бейнеленген, былайша айтқанда, құрма – саудиялықтардың ұлттық символына айналған. Құрма ағашы мен жемісін Саудияның әр түкпірінен кездестіргеніңізбен құрманың нағыз отаны әлемдегі ең ірі оазис атанған, Саудияның шығыс жағалауында орын тепкен әл-Ақса. Жалпы Саудия аумағында шамамен 25 млн құрма ағашы бар. Солардың дені әл-Ақсада. Саудияда құрма жемісінің жиын-теріні шілде мен тамыз айларында басталады. Алайда, осы заманғы өркениет игіліктеріне иек артқан саудиялықтар құрма өсіруден қалып бара жатыр. Мұны құрма бақтарының бірінің қожайынының жиені Қадайыш айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, құрма бақтары сүріліп жатыр, оның орнына құрылыстар жүруде. Бұдан бөлек, климат өзгерісі мен су тапшылығы, топырақтың эрозияға ұшырап, сорға айналуы да құрманың бағын байлайтын факторларға айналған.