Араб коалициясы Йемендегі әскери операциясын тоқтатты
|
Саудия бастаған араб коалициясы Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутеррештің Йемендегі әскери жорықты тоқтатуға шақырған үндеуіне құлақ асты. Бұл жайында Sky News Arabia ақпарат көзі хабар таратты. Саудияның қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, полковник Түрки әл-Мәлік мәлім еткен. Бейбітшілік бастамасын Йеменнің ресми үкіметі де қолдап отыр. Саудия бастаған коалицияның Йемендегі әскери жорығын тоқтатуына күллі әлемді жайлап, жолындағысын жайпап бара жатқан жұқпалы індет те, мұнай бағасының күрт құлдырап кетуі де себеп болғанын айта кету керек. Бұдан бөлек, пандемияға байланысты күрделі сипат алған гуманитарлық дағдарысқа тап болған Йемендегі саяси әрі экономикалық ахуал эскалацияның кез келген түрін тоқтатуды талап етеді. Саудия бастаған одақ Йемендегі әскери жорығын тоқтататынын мәлімдегенімен кеше, яғни, наурыз айының 30-ы күні коалицияның әскери әуе күштері Йемен астанасына шабуылдады. Хуситтердің сойылын соғатын «Ансар Аллаһ» қозғалысының наурыз айының 20-ы күні Саудия аумағындағы Йалла айлағына зымыранмен жасаған шабуылының қарымтасы ретінде қайтарған жауабы да болуы мүмкін. Оның үстіне, кезінде («Йемен шырғалаңы», сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/iemen-shyrgalany-11664#gsc.tab=0) хабарлағанымыздай, Саудия бастаған коалиция құрамындағы елдер арасындағы мақсат-мүдделердің бір арнада тоғыса бермейтінін, Біріккен Араб Әмірлігі мен Саудия арасындағы мүдде қайшылығы турасында жазғанбыз. Бұдан бөлек, өткен жылдың қаңтар-ақпан айларында Марокканың аталмыш әскери одақтан шығып кеткенін айта кету керек.