Араб елі шетелдіктерді депортациялау ережесін жаңартты
|
Біріккен Араб Әмірліктері шетелдіктерді депортациялау рәсімдерін реттейтін заңнаманы жаңартты. Бұл жайында islam.kz порталы Gulf News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Экспаттардың (отанынан шет жерге өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударған адам - ред.) БАӘ-ге кіруі мен тұруына қатысты жаңа ережеде сот және әкімшілік депортациялаудың алты жағдайы қарастырылған. Дәлірегі, депортация БАӘ-ге заңсыз кіруге әрекеттенген кемелерде ұсталған шетелдіктерге, кіру визасы немесе тұруға рұқсаты болмаған жағдайда, кіруге рұқсат беретін құжаттардың мерзімі өткен, ұзартылмаған немесе жойылған жағдайларда қолданылады. БАӘ-ден депортацияланған шетелдіктің аталған араб еліне келуіне тыйым салынады, Тек азаматтардың жеке басын анықтау, азаматтық, кеден және айлақ қауіпсіздігі жөніндегі федералды басқармасы (ICP) тарапынан ресми рұқсаты бар шетелдікке екінші мәрте елге келуіне мұрсат беріледі. Шетелдікті ел аумағынан оның визасы жарамды болған күннің өзінде шығара алады екі жағдайда: күнкөрісіне жететін қаржысы болмағанда және қоғам мүддесі талап етсе (соның ішінде морал мәселесіне байланысты да шығара алады, мәселен, арсыздық пен азғындықта насихаттаса). Тек бір өзі ғана емес, оның да отбасы елден шығарылады. Бұл жағдайда депортациялау шығындарын шетелдіктің өзі немесе оның демеушісі/жұмыс беруші көтереді. Билік қажет болған жағдайда шетелдікке шаруасын аяқтауға және құрылған компанияларды жоюға мүмкіндік бере отырып, депортация мерпзімін кейінге шегере алады, алайда, бұл мерзім үш айдан аспайды. Сот тәртібімен депортациялау ауыр немесе елдің абыройына нұқсан келтіретін қылмыс жасағаны үшін сотталған және бас бостандығынан айырылған шетелдіктерге қолданылады. Басқа құқық бұзушылықтар үшін сотталған шетелдік бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің орнына депортациялау жазасына кесілуі мүмкін. Қысқасын айтқанда, қоғамдық қауiпсiздiкке, ел азаматтарының денсаулығына және наным-сеніміне қатер төндiретiн, сондай-ақ, күнкөрiс құралдары жоқ шетелдiктер әкiмшiлiк жолмен елден шығару әдісі қолданылады. Шетелдік азамат барлық қажетті құжаттарды қоса және оқиғаның мән-жайын сипаттай отырып, Тұрғылықты және шетелдіктер істері жөніндегі бас басқармасына өтініш беру арқылы депортацияға қатысты шағым түсіре алады.