|
Араб елі адам капиталынан айырылу қатерімен бетпе-бет келмек
|
Бүгінде туған марокколық балалар болашақта дамыған елдердегі құрдастарымен салыстырғанда бүгінгі таңдағы табыс деңгейіне шаққанда 73% кірісінен айрылуы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Бүкіл әлемдік банк келтірген дерекке жөн сілтеген Morocco News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Биылға арналған Plus адами капитал индексіне сәйкес Марокко 147 ұпайға ие болған. Бұл көрсеткіш жаһандық орташа 186 көрсеткіштен едәуір төмен және орташа есеппен 252 тармақта орналасқан табысы жоғары елдерден көп артта қалып қойған. Бүкіл әлемдік банк мәлімдегендей, бұл тараптағы нәтиже Мароккодағы денсаулық сақтау, білім беру және еңбекпен қамту жүйелеріндегі құрылымдық олқылықтарды көрсетіп берген. Аталған араб елінің денсаулық сақтау және тамақтану мәселелері бойынша 44, білім беру саласында 87, еңбек және жұмыспен қамту бойынша барлығы 16 ұпай жинаған. Бұл олқылықтар Марокконы еңбек нарығын адами капиталды дамытудағы ең әлсіз буынға айналдырған. Жұмыс орнында кәсіби жетілудің шектеулі болуы, бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, т.б. себептер болашақта табысты болу тетіктерін тежейтін негізгі факторлар ретінде алға шыққан. Тіпті, даамыған елдерді былай қойғанда Марокко Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Ауғанстан және Пәкістан бойынша орташа көрсеткіштен де төменгі орынға жайғасқан - 157 тармақ. Ең басты себеп - білім беру сапасының төмендігі осындай жер мен көктей айырмашылыққа әкелмек. Адами капиталдың дамуында еңбек нарығының маңызы жоғары - адамдардың көбісі жұмыс істей жүріп, жаңа дағдыларды меңгереді, алайда, араб елінде құрылымдық оқу мен өсу мүмкіндіктері шектеулі.