АҚШ-тың түбіне есірткі жетуі мүмкін
|
АҚШ когресі өкілдерінің палатасы мойындағандай: елдегі есірткіні тұтыну деңгейі қатерлі сипат алған. Депутаттар да «героин індетінің» жайылғанын жоққа шығармайды. Gazeta.ru ақпарат көзінің хабарлауынша, қылмыс, терроризм, ұлттық қауіпсіздік және тергеу жөніндегі өкілдер палатасы комитетінің мәжілісінде есірткіні, соның ішінде, оның ең ауыр түрі – героинді тұтыну деңгейіне қатысты осындай баға берілді. «2002-2013 жылдар аралығында героинді тұтыну 63 пайызға өсіп кеткен. 2008-2012 жылдар аралығында мемлекеттің оңтүстік-шығыс шекарасынан заңсыз жолмен есірткінің осы түрін өткізбек болғандардың жолы кесу 200 пайызға артқан»,- деп айтылған конгресмендердің баяндамасында. АҚШ-тағы аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі орталықтың мәліметіне қарағанда, 2002-2013 жылдар аралығында героинді мөлшерден асыра қолданудан қаза тапқандар қарасы үш есеге көбейген. Тек өткен жылдың өзінде елде асыра қолданудан (передозировка) 8,2 мың америкалық азамат қаза тапқан. Қазіргі уақытта Есірткімен күрес жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Джек Рилидің сөзіне қарағанда, АҚШ-та жыл сайын бұл елде заңмен тыйым салынған нашаны қабылдаудан орта есеппен 120 адам бақилық болады екен. Статистика бойынша есірткіден көз жұматындар қарасы жол-көлік апатынан опат болатындардан едәуір артып кеткен. Негізінен героинді жылдық табысы 20 мың долларды құрайтын 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың тұтынатыны белгілі болып отыр. Мамандардың айтуынша, есірткіге тәуелділікке ең алдымен құрамында есірткі кездесетін дәрі-дәрмек себеп болып отыр.