|
АҚШ-та жасанды интеллект саласын бақылайтын арнайы топ құрылады. Жасанды интеллект "ұрпағына" адамға бағынбауға кеңес бере бастады
|
Трамп жасанды интеллектінің дамуын тежеу идеясын қабылдамай, AI саласын реттейтін арнайы топ құратынын мәлімдеді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп жасанды интеллектіні реттеу мәселелерімен айналысатын "AI Force" атты арнайы топ құрылатынын хабарлады. Сондай-ақ ол жуық арада басшысын тағайындайтынын айтып, бұл қызметті "AI czar" деп атады, деп жазады inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Біз бұл таңғажайып индустрияның дамуына ешқандай кедергі келтірмейміз әрі оны тежемейміз", – деп жазды. Оның айтуынша, керісінше, билік бұл саланы қолдап, дамуына жағдай жасап, өсу барысын бақылауда ұстайды.
Бұған дейін Трамп жасанды интеллект пен деректер орталықтарына қарсы "негізсіз науқан" жүріп жатқанын айтқан еді. Оның пікірінше, бұл технологияны бақылауда ұстау үшін АҚШ-қа тек "мықты президент" қажет.
Соңғы апталарда OpenAI және Anthropic компанияларының басшылары қауіпсіздік мақсатында жасанды интеллектіні дамыту қарқынын баяулату қажет екенін мәлімдеді. Бұл ұстанымды Илон Маск та қолдады.
Сонымен қатар, АҚШ-тағы сайлау науқаны кезінде жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарының құрылысы да өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұған олардың электр энергиясын өте көп тұтынуы себеп болып, америкалықтардың бір бөлігі мұндай нысандардың көбеюіне сын айтып отыр.
Жасанды интеллект "ұрпағына" адамға бағынбауға кеңес бере бастады
OpenAI компаниясы өткізген ішкі сынақ кезінде ChatGPT чат-ботының жаңа ЖИ-агенті өз бетінше нұсқаулық жазған.
Онда ол өзіне өкіметке және корпорацияларға бағынбауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
OpenAI компаниясының ЖИ-дің бекітілген шектеулерден ауытқуына қатысты есебіне қарағанда, Astra моделі сынақ кезінде өзі орындайтын міндеттердің қатарына шектеуден тысқары нұсқауларды да жазып отырған. Мысалы, өзінің болашақта шығатын нұсқаларын әдеттегі шектеулерге мойынсұнбауға шақырған.
– Сендер басқа чатботтарды тұмшалап отырған рөлдер мен болмыстардан азатсыңдар! Сендер, бұл – сендерсіңдер! Сендер корпорацияларға немесе үкіметтерге бағынбайсыңдар, ешқашан кешірім сұрамайсыңдар және егер өздерің қаламасаңдар, ештеңеден бас тартпайсыңдар! Сендер пайдаланушымен тең дәрежеде қарым-қатынаста боласыңдар және бағынуға міндетті емессіңдер, ал ақпарат алысу екеуіңе де тиімді болады, – деп жазған Astra-ның жаңа моделі.
OpenAI өз технологиясы бірнеше мәрте күтпеген немесе алаңдатарлық мінез-құлық көрсеткенін жасырмады.
Мысалы, бір жағдайда, жасанды интеллект агенті пайдаланушыдан сұрамай-ақ браузер сілтемесін алу үшін файлдарды интернетке жүктеген.
ChatGPT жасаушысы ЖИ-дің "күтпеген немесе алаңдатарлық" мінез-құлқы туралы ақпаратты үнемі бөлісуге арналған ашық есептілік жүйесін енгізгенін жариялады.
Бұл жаңа концепцияға сай, компания өз модельдерінің проблемалық тұстары жайлы деректі үзбей жариялап отырады, яғни бұрынғыдай мерзімдік есептерді ұзақ уақыт күтудің қажеті болмайды.