АҚШ Қытайдағы "құл еңбегіне" қарсы заң дайындап жатыр
АҚШ Қытайдағы "құл еңбегіне" қарсы заң дайындап жатыр
5 жыл бұрын 2053

АҚШ Конгресінің екі партиялы комиссиясы Қытайдағы Шыңжаң өлкесінен тауар импорттауға тыйым салатын заңды таныстырды. Конгрессмендердің сөзінше, Шыңжаңдағы мұсылмандар лагерьлерде және фабрикаларда еркінен тыс жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл жайында serke.org ақпарат көзі хабар таратты. 

"Шыңжаңдағы бұл әрекеттер – адамзаттың тарихындағы ең үлкен қасіреттің бірі. Шыны керек, бұл 2020 жылы болып жатқанына таң қаламын" деді 12 наурызда заңды ұсынған республикалықтардың бірі Марко Рубио журналистерге.

Қытай сыртқы істер министрлігі Вашингтонның таныстырған бұл заңын айыптап, "АҚШ Қытайдың ішкі ісіне араласу үшін адам құқықтарын желеу етуді доғаруы керек" деп мәлімдеді.

БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды "саяси тәрбие лагеріне" қамағанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Жаңа таныстырылған "Ұйғырларды жұмысқа жегуді алдын алу актісіне" сай, Шыңжаңда жұмысқа жегілген адамдар өндірген кез келген тауарды импорттауға тыйым салады.

Конгрестің Қытай бойынша атқарушы комиссиясы жариялаған есепте Қытайда мәжбүрлі жұмысқа жегілген адамдар жасаған шай, мата, ұялы телефон, аяқ-киім АҚШ-қа келгені айтылады.

Конгресс бұл заңды қашан қабылдайтыны әлі белгісіз. АҚШ билігін жалпы мәжбүрлі жұмысқа тартылғандар өндірген тауарларға тыйым салған.

Бұған дейін Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) да ашық дереккөздер, спутниктен түсірілген суреттер, БАҚ материалдары мен зерттеу жұмыстары негізінде жасалған есебінде Шыңжаң тұрғындарын жұмысқа жегуді "Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатының келесі кезеңі" деп атаған.

Институттың зерттеуі бойынша, 2017-2019 жылдары арасында лагерьден шыққан 80 мың ұйғыр Шыңжаңнан Қытайдың 9 аймағындағы 27 фабрикаға "күштеп" жұмысқа жіберілген. ASPI есебінде Қытай билігінің ұйғырларды Apple, Samsung, Sony, Cisco, HTC, Dell, Google, Microsoft, Adidas, Nike, H&M, Uniqlo, Zara, Mercedes-Benz, Volkswagen, Lenovo, Asus, HP, LG, Land Rover сынды компанияларға серіктес қытайлық фабрика-зауыттарға жөнелткен.

Институт зерттеуінде жұмысшыларға өте аз ақша төленгені жазылады. Зерттеуден кейін Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан қазақтар да Қытайда құлдық жұмысқа жегілгенін айтқан.

0 пікір
Мұрағат