АҚШ Израилді соғысқа дайындап жатыр
|
2019-2028 жылдар аралығында Израилдің қорғаныс кешенін жетілдіруге АҚШ билігі 38 млрд доллар бөліп отыр. Ақ үй қожайыны Дональд Трамп мұншалықты бас айналдырар мол қаржыны Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы Израилге қауіпті жауларынан қорғану үшін бөліп отырғанын мәлімдеді. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Израилге берілген бұл қомақты қаржыны екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі аса ірі әскери көмек ретінде бағалап жатыр. Әскери сарапшылар Израилдің аймақтағы бәсекелесі Иранмен арадағы текетірестің соңы соғысқа ұласуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Таяу Шығыста АҚШ-тың толық үстемдік жүргізуіне, яғни, АҚШ мүддесінің жүзеге асуына Иран кедергі келтіруде. Бейнелеп айтқанда, Иран АҚШ-тың тамағына тұрып қалған қылтанақ. АҚШ-тың ықпалындағы Саудия немесе аталған аймақтағы өзге елдер емес, Иранды біржола тізе бүктіруі үшін қаржысын да, әскери көмегін де аямайды.