Билік өкілдерінің хабарлауынша, құлшылық ғимаратының 82%-ы салынып біткен. Құрылыс 2016 жылдың аяғына аяқталуы тиіс, ал 2017 жылдың көктемінде ғибадатхана Алжир мұсылмандарына есігін айқара ашады.
Қазіргі уақытта мамандар мешіт мұнарасын және күмбездің ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық құрылыс жұмыстары Дін істері және уақыф министрлігінің қадағалауымен іске асырылып келеді.
Өзіндік сәулет құрылысымен ерекшеленетін мешіт «Жамаа әл-жазаир» деп аталады. Ол астананың шығысындағы Мохаммедия ауданын әсем әрге бөлемек. Мешіт сыйымдылығы 120 мың адамға шақталған.
Алып кешен құрылымына Құран үйі, Ислам мәдени орталығы, кітапхана, ислам тарихы мен өнері музейі, Алжир тарихын зерттеу орталығы, конференц-зал, көрме орталығы, бақ пен көлік тұрақтары кіреді. Құрылыс жер сілкінісіне төтеп бере алатындай қауіпсіздік талаптарын қатаң ескере жүргізіледі. Ал мешіт мұнарасының биіктігі – 300 метр.