Әлемнің әр түкпірінен: Мұсылман мерекелерінде демалыс беріледі
Әлемнің әр түкпірінен: Мұсылман мерекелерінде демалыс беріледі
10 жыл бұрын 3025

АҚШ-тың Коннектикут штатына қарасты Уотербери қаласындағы білім беру басқармасы Ораза айт пен Құрбан айтты ресми мерекелер тізіміне енгізді. Осыған байланысты осы күндері оқушыларға демалыс берілетін болды. «Біздің мектеп кеңесі оқушылардың қажеттіліктеріне түсіністікпен қарайды. Уотербери халқы әр алуан болып келеді. Олардың мәдениетін сыйлауымыз керек»,- деді аталмыш кеңестің президенті Чарльз Станго.

 

Мұсылман еместер де халал тағам бизнесімен шұғылдана бастады

Уитни Гаспар (Whitney Gaspard) есімді  америкалық католик әйелі мұсылман құрбысынан халалдың қандай ұғым беретінін сұрамай ма: «Бірде біз оның асүйінде шай іштік,- деп бастады әңгімесін ол. – Құрбым өздерінің отбасы тек халал тағамдармен ғана қоректенетінін айтты. Мен оның доңыз етін жемейтінін және ішімдік ішпейтінін білдім. Бірақ, халал дегеннің не ұғым беретінін білмедім»,- деді ол сөзін сабақтап. Осы сауал мазалаған ол біраз ізденуіне тура келген. Алдымен ол өзінің тағам рационынан, яғни, ас мәзірінен доңыз етін алып тастаған. «Егер мен – жегенім осы болса, онда доңыз болғым келмейді»,- деп ойлаған екен. Ақыры ол Чикаго қаласының маңында шариғат талаптарына сай кейтеринг бизнесімен шұғылданады. Оның компаниясы италиялық және мексикалық асханаға бағдарланған.

 

Нью-Йорк студенттері исламның «бет-бейнесін» жасады

АҚШ-тың Квинс елді-мекеніндегі көркем мұражайда Ла Гуардия (LaGuardia) қалалық колледждің фотография факультетінің студенттерінің мұсылмандарға арналған көрмесі өтіп жатыр. Ол екі семестр ішінде өзгеше жоба бойынша жұмыс істеп, Америка мұсылмандарының «бет-бейнесін» беруге тырысты. Исламның адамзатқа жіберілген иләһи дін екенін таныту үшін түрлі ұлт пен мәдениет өкілдерінің портретін жасады. «Біз бұл жамағаттың әр алуандығын көрсеткіміз келді»,- деді аталмыш жобаға атсалысқан Аоександр бен Осман есімді студент. Осы мақсатта ол өзінің достарын суретке түсірген. Мұсылман екені «білінбейтіндер» әдейі таңдалып алынған өзгеше көрме болды бұл. Суретке түскендердің дені Орталық америка мен Латын Америкасының тумалары болып келеді. Өйткені, олардың арасында ислам дінін қабылдап жатқандардың қарасы көбейіп келеді. Сондай-ақ, көрмеден Пәкістан, Палестина, Мысыр, Үндістан, Марокко, Танзания, соның ішінде Қазақстан азаматтарының да суретін тамашалауға болады. Ол ол ма, жергілікті сұлтанның қызы филиппиндік ханшайым Минданаоның да суреті тұр. Көрме есігі наурыз айының 1-не дейін айқара ашық болады.   

 

Батыс Еуропада алғашқы Палестина елшілігі ашылды

Үстіміздегі жылдың ақпан айының 10-ы күні Швеция астанасы – Стокгольм қаласында Палестина елшілігі ашылды. Оның ашылу салтанатына Еуропада ресми сапармен жүрген Палестина мемлекетінің президенті Маһмұд Аббас, Швеция Сыртқы істер министрі Маргот Вальстрем (Margot Wallström) және қорғаныс министрлігінің басшысы Петер Хультквист (Peter Hultqvist) секілді жоғары шенді тұлғалар қатысты. Осылайша осынау шараның тарихи маңызы мен саяси салмағы ерекше екенін көрсетіп берді – израилдік басқыншылықтан көз ашпаған Палестинаның Батыс Еуропада тұңғыш ашылған елшілігі болды бұл. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы, яғни, 2014 жылдың қазан айының соңында Швеция Палестинаны мемлекет ретінде ресми мойындаған болатын. Әлем бойынша осындай шешім қабылдаған 135-ші ел атанды.

 

«ИСИМ – жасанды жоба»

Иран Ислам Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Меһди Санай Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуын батыс елдерінен көріп, былай мәлімдеме жасады: «Сирия мен Ирактан байқағанымыз – соңғы он жылдағы шетелдік державалардың жүргізген саясатының нәтижесі»,- дей келе ИСИМ-нің пайда болуына итермелейтіндей қандай да бір тарихи алғышарттардың жоқтығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ИСИМ мүлдем жасанды жоба болып табылады. «Христиандар мен мұсылмандар, шиттер мен сүнниттер түрлі елдерде тату тұрып келді. Тарихта олардың арасында алауыздық сирек болған. Олардың арасындағы айқас – сырттан дем беріп отырған жасанды жоба».

0 пікір
Мұрағат