Әлемдік державалар долларға байкот жариялады немесе әлемдегі барлық валюта қорының доллармен сақталатын үлесі қанша?
|

Әлемнің аса ірі орталық банктері АҚШ президенті Дональд Трамптың протекционизмдік саясатына наразылық ретінде өздеріндегі валюта қорын доллармен сақтауды азайтып, еуроға көшпек. Бұл жайында Bloomberg ақпарат көзі хабар таратты. Бүгінгі таңда әлемдегі барлық валюта қорының негізгі үлесі доллармен сақтаулы, яғни, нақты санмен өрнектегенде, доллармен сақтаулы валюта қоры 64 пайызды құрап отыр. Ал еуролық үлес 20 пайыздан аспайды. Уолл Стриттік көрнекті сарапшылардың бірі Йенс Нордвигтің айтуынша, әлемнің алдыңғы қатарлы қаржы мекемелері 2020 жылға қарай валюта қорындағы 500 млрд-тан аса долларды еуроға айырбастайды. Осыған қарамастан бәрібір доллардың басымдығы сақталып қалады. Яғни, үлесі айтарлықтай кемімеуі мүмкін. Сөз орайы келгенде айта кету керек, осы жылдың наурыз айының 9-ы күні Ақ үй қожайыны болатқа 25 пайыз, ал қалайыға 10 пайыз мөлшерінде импорттық баж салығын салу туралы жарлыққа қол қойған еді. Аталған жарлық наурыз айының 23-і күні күшіне енді.




