Әлемді алапат індет жайлағанда немесе ғаламдық апатта адамзат аман қалуы үшін бас сауғалайтын орындар аталды
|
Жаңа Зеландиядағы Отаго университетінің ғалымдары планетадағы ең қауіпсіз жерлерді атады – ғаламдық апат немесе індет жайлағанда бас сауғалап, технологиялық өркениетті қайта қалпына келтіруге мүмкіндік беретін. Бұл жайында вести.ру ақпарат көзі хабар таратты. Ондай жерлерге жалпы ішкі өнімі айтарлықтай мол арал мемлекеттер жатқызылды. Зерттеушілер өзге мемлекеттермен құрлықта шекарасы жоқ, Біріккен ұлттар ұйымы мойындаған, халқының саны 250 мыңнан кем емес тәуелсіз елдерді қарастырды. Ғалымдар аталмыш зерттеу барысында әлемдік апат немесе індет орын алғанда ат төбеліндей аз ғана топқа пана бола алатын кіші-гірім аралдарды есепке алған жоқ. Өркениетті қайта қалпына келтіруге әлеуеті мен мүмкіндігі шамалы шағын аралдар ескерілген жоқ, Бұдан бөлек, қоғамның әлеуметтік және экономикалық ерекшелігі, табиғи ресурстардың болуы, аралрадың географиялық орналасқан орны және демографиясы секілді маңызды факторлар қаперге алынды. Нәтижесінде қатерлі індеттен пана болатын әрі болашақта өркениетті қалпына келтіру плацдармы бола алатын 20 орын анықталды. Ең қолайлы орындар; Австралия, Жаңа Зеландия және Исландия. Бұл аталған арал мемлекеттерден бөлек, Жапония, Барбадос, Куба, Фиджи және Ямайка аталды. Аталған елдердің жалпы ішкі өнімі салыстырмалы түрде жоғары әрі энергия мен азық-түлік өндірісі жолға қойылған.