Әлемде зағиптар саны үш есе артады
Әлемде зағиптар саны үш есе артады
8 жыл бұрын 3562 Назерке Абибулла

2050 жылға қарай әлемде зағиптар саны үш есеге дейін көбейеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Lancet Global Health медициналық журналына сілтеме жасап. 

Ғалымдардың мәлімдеуінше, 2050 жылы зағиптар саны 36 миллионнан 115 миллионға дейін өседі. Бұған егде тартқан адамдар санының көбеюі негізгі себеп болып отыр.

«2015 жылы әлемдегі 7,33 миллиард халықтың 36 миллионға жуығы зағип екені анықталды. Халықтың өмір сүру жасының өсуі көру қабілетінің нашарлауы мен зағип жандар санының артуына әсер ететін негізгі фактор болып отыр. Мысалы, 2020 жылы зағиптар саны 38,5 миллион адамға көбейсе, 2050 жылға қарай бұл цифр 115 миллионға дейін өсуі мүмкін», - дейді ғалымдар.

Айта кетерлігі, Оңтүстік Азия мен Африка елдерінде көру қабілеті нашар және зағип жандар саны тым көп.

1990-2015 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу жұмыстары 188 елді қамтыған. Зерттеу нәтижесінде бүгінде көру қабілеті орташа және нашар көретін 200 миллион адам бар екені анықталған. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 550 миллионға дейін өсуі мүмкін.

0 пікір
Мұрағат