Әлемде туу көрсеткіші «апатты» деңгейде төмендейді - ғалымдар
Әлемде туу көрсеткіші «апатты» деңгейде төмендейді - ғалымдар
1 жыл бұрын 1313 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар адамзаттың көп ұзамай демографиялық апатпен бетпе-бет келіп, салдыры ауыр дағдарысқа тап болатынын алға тартып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы ВВС ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, осы ғасырдың яғына таман әлемнің барлық елінде туу көрсеткіші күрт төмендейді. 2100 жылға қарай 23 елдің халқы, соның ішінде Испания мен Жапония тұрғындары екі есеге азаяды. Халықтың қартаю процесі қарқын алады: 80 жасқа толғандар қарасы жаңа туған нәрестелер санымен шендеседі. Туу көрсеткіші – әйелдің бала туа алатын орташа саны – төмендеуде. Егер оның мәні 2,1-ден төмен түссе, ел халқының саны азая бастайды. 1950 жылдары бір әйел орташа есеппен 4,7 бала табатын. Таяуда Уашингтон университетінің денсаулықты өлшеу және бағалау институтының ғалымдарының сараптама нәтижесі 2017 жылы туу көрсеткіші 2,4 болса, 2100 жылға қарай 1,7-ден төмен түсетінін көрсетті. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл тенденция 2064 жылға қарай 9,7 миллиард адамға жететін жер бетіндегі халық санының ғасыр соңына қарай 8,8 миллиардқа дейін азаюына әкеледі. Жапония халқы 2017 жылғы көрсеткіш бойынша 123 миллионнан ғасыр соңына қарай 53 миллионға дейін азаймақ. Осы аралықта Италия халқы 61 миллионнан 28 миллионға дейін кемиді. Халқының саны жартысына дейін қасқаратын елдер қатарында Испания, Португалия, Таиланд және Оңтүстік Корея, т.б. 23 ел бар. Бүгінде халқының саны жағынан Үндістаннан артта қалған Қытай (1,4 млрд адам) 2100 жылға қарай ел тұрғындарының қарасы 732 млн-ға дейін төмендейді. Ғалымдар туу көрсеткішінің төмендеуін әйелдердің көбірек білім алу мен мансаптық мүмкіндіктерге ие болуымен және контрацепцияға (бала көтертпейтін құралдар) еш қиындықсыз қол жеткізумен байланыстырады. Осыны ескерген ғалымдар әйелдерді бала тууға ынталандыратын шараларды қарастырып жатыр. Өйткені, туу көрсеткішінің төмендеуі өз кезегінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық, тіпті, мемлекеттік қауіпсіздік саясатына кері әсерін тигізеді. Ол ол ма, адам санының азаюы қоғам құрылымын өзгертеді. Бес жасқа дейінгі балалар саны 2017 жылы 681 миллионнан 2100 жылы 201 миллионға дейін азайып, 80 жастан асқан адамдар қарасы 2017 жылғы 141 миллионнан 2100 жылы 866 миллионға дейін өседі. Қартаю процесі қарқын алған кей державалар жұмысшы күшін еңбек миграциясы есебінен шешпек болып, шекарасын мигранттарға ашқанымен, өзге мәдениеттің ықпалында қалу қатері артып келеді. Бұл саясаттың тиімсіздігі сонда – ұлттық бірегейлікке қатер төндіреді. Кейбір елдерде балалы болған ерлі-зайыптыларға  қолайлы жағдай жасалып, бала күтіміне ақша бөліп, жұмысқа орналасу кезінде материалдық ынталандырулар мен жеңілдіктер қолданылады. Алайда, бұл әдіс те әрдайым тиімді бола бермейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мәcелен, осындай ынталандыру шараларын олға алған Швеция туу көрсеткішін 1,7-ден 1,9-ға дейін көтере алды, ал Сингапурдағы туу көрсеткіші бұрынғысынша 1,3 деңгейінде қалып қойған. Ғалымдардың болжамы бойынша aдамзаттың көбею процесі 50 жылға дейін жалғасады, содан соң кеми бастайды. Бұл жайында islam.kz порталы The Wall Street Journal мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әлемде бала туу деңгейінің тез төмендейтіні соншалықты, сарапшылардың айтуынша, адам популяциясының шыңына бір ұрпақ ауыспай жатып, аз уақыт ішінде жетуіміз мүмкін. 1960 жылдардан бастап, әлем бойынша адам саны алғаш рет үш миллиардқа жеткен еді, адамзаттың әрбір миллиардқа көбеюіне орта есеппен он жылдан аса уақыт кетеді деп болжам айтылған әрі демографтар да есебін осындай болжамға сүйеніп жүргізген еді. Түрлі болжамдарға сәйкес 2050 жылдардың аяғында немесе 2070 жылы 9,7-10 миллиард адамға жетеді. Осыдан кейін планета халқының саны азая бастайды.

0 пікір
Мұрағат