Әлемде жұмысқа жегілген балалар қарасы 160 млн-нан асып кеткен
|
Соңғы 4 жыл ішінде әлем бойынша жұмысқа жегілген балалар қарасы 8,4 мл-ға артып, жалпы 160 млн-нан асып кеткен Бұл жайында Islam.kz порталы Халықаралық еңбек ұйымы келтірген дерекке сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жыл сайын маусым айының 12-сі күні балалар еңбегін жоюдың халықаралық күні аталып өтеді. Осынау атаулы күнге Халықаралық еңбек ұйымы өз баяндамасын жариялады. Бұл құжатта айтылғанда, жұқпалы індетке байланысты қолға алынған шектеу шараларынан мектеп барудан қалған балалардың еңбегін пайдалану қарқын алған. Пандемия кіріс көзінен айырылған көптеген отбасылар балаларды жұмысқа жеккен. 2000-2016 жылдар аралығында жұмысқа жегілген балалар қарасы 94 млн-ға дейін төмендеп еді. Соңғы 4 ыл ішінде 160 млн-ға көбейіп кеткен. Әлем бойынша жұмысқа жегілген балалардың жартысына жуығы 5-11 ас аралығындағылар, яғни, буыны бекіп, бұғанасы қатпағандар құрап отыр. 5-17 жас аралығындағы 79 млн бала адам өміріне қауіпті әрі денсаулығына зиянды (шахтада, фермада, плантацияда, т.б.) жұмыстарға жегілген. Олардың дені улану қатері жоғары жерлерде жұмысқа жегіліп отыр. Дәлірегі, денсаулыққа зиянды жерлерде жұмыс істейтін балалар қарасы 2016 жылға дейін 6,5 млн-ға артқан. ХЕҰ бас директоры Гай Райдердің айтуынша, бұл проблеманы шешудің жалғыз-ақ жолы бар: ол – балалары бар отбасыларын әлеуметтік тұрғыдан қорғау. Алайда, табысы төмен елдердің мұндай әлеуметтік саясат жүргізуге қауқары жетпейді. Осы орайда ерте жұмысқа жегілген балалардың болашағынан көп үміт күтудің қажеті шамалы екенін психологтер де растап отыр. Ізденіс аясы тарылған, өмірдің қиындығына көндіккен баланың дамуы тежеліп, шығармашылық әлеуеті тұншығып, қоғамның дегредацияға ұшырауына алып келеді. Мұндай балалардың қарасы көбейген сайын ондай қоғамның болашағына күмәнмен қарайсыз. 2022 жылы әлем бойынша жалпы жұмыссыздар саны 205 млн адамнан асуы мүмкін. Халықаралық ұйымдар балалар еңбегін пайдалану мен қанауды, жалпы балаларды жұмысқа жегуді біржола жою міндетін қойғанымен бұл меженің ауылы алыстап барады. Өкініштісі – осы.